11.09.2022
  85


Автор: Гүлден Мүлікқызы

Іздейсің бе?

Іздейсің бе кісіңді қаламаған,
Сезілесің сен әйтеу дана маған.
Екі көзім төрт болды қарай-қарай,
Қашан асып келед деп қара жалдан.
Десем-дағы өзімді байсалдымын,
Жетед дейсің қаншаға қайсарлығым.
Көп болды ғой, жаным-ау, сені күтіп,
Түспегелі қолымнан шай шәугімім.
Саған арнап қаншама жыр жаттадым,
Бір тамаша қиялмен құндақтадың.
Сен келед деп күніне қағып-сілкіп,
Сүзіліп те барады сырмақтарым.
Бұл сырымды қашанғы жасырамын,
Түскенінде білесің басыңа мұң.
Елесіңмен қауышып оянам да,
Атқыза алмай сартаңды асығамын.
Білмесем де қадырын бала кездің,
Жер ортада өзіңді пана көрдім.
Әбігер боп жүр ме екен деп ойлаймын,
Төрт аяғын тағалап қара кердің.
Қазір келіп қалардай бақ қонағым,
Тағы ашамын есігін ат қорамның.
Ауа райын бақылап алаңдаймын,
Қала ма деп ішінде ақ боранның.


Аман қыл деп аллаға ақ нарымды,
Айтып жатам аялсыз арманымды.
Табиғат та өзгерді қас қылғандай,
Әрең түзеп алғанда бағдарымды.
Тірі жүрсем көп шығар көретінім,
Сөгілгенін сан жазып көбе етімнің.
Жүрегіме жүремін алғау айтып,
Түбінде бір мені іздеп келетінің.
Үмітімнен келмейді тоқырағым,
Өзің жайлы ой толғап отырамын.
Ала келші тартуың осы болсын,
Туған жердің бір шымшым топырағын.
Өміршеңін білемін өнегеңнің,
Сарқынындай сап алтын көнелердің.
Маған жазған тәңірдің сиы шығар,
Қыз Жібектей көп күткен Төлегенін.





Пікір жазу