11.09.2022
  129


Автор: Алмагүл Жұмажанқызы

Адам әлі жетпеген

Екеуара білеміз, жасырамыз жан салып,
Секем ала күлеміз еске алып тамсанып.
Жадыңдағы жаһұт мұң елесі ме бақыттың,
Тіл қата алмай тентіреп үлкен ойға батыпсың.
Кестеленген келбеті таудың маңғаз шақтары,
Кеткен ерен керім күн көрінісін жоқтады.
Тамылжыған сазды әуен елітеді назбенен,
Құдыретті тыңдатар көре алмас көзбенен.
Қалжыңдаған құрдастай құбыла ма құмай күн,
Таңды рауан табыстар жүректегі сыр айқын.
Бекінісің бекемдей сабырыңмен ұнайсың,
Ештемені білместей елден мені сұрайсың.
Қызықтатқан қырына көл түбіне тұнайық,
Қыз ұқпаған сырыңа кете көрме мұңайып.
Әлемде әлі болмаған тың құбылыс құрайық,
Алға басар адамға сондай ғұмыр лайық.
Жетем десең жүгіргін...
Жүгіре бер тоқтамай,
Адам әлі жетпеген бір шоқыға шығайық.





Пікір жазу