11.09.2022
  119


Автор: Алмагүл Жұмажанқызы

Адамзаттың тәбеті

Жарамсағы жасырғанмен мінін көп,
Сөйлеседі өзді-өзімен күбірлеп.
Тым әсерлі әспеттеді өмірін,
Сейілде жүріп семіріп алған болса да,
Қораш еді демінен қорқар дірілдеп.
Көркем күйде көрінуге үйренген,
Сыр жасырып құлқын қайғы күйге енген.
Өз қауқарын өзі ғана біледі,
Өшігем деп айта береді өрекпіп,
Өмір мәнді өліп-өшіп сүйгеннен.
Қатпар-қатпар қалыңдаған күнделік,
Қазынасы қанша құнды білмедік.
Жалғыз күбір жалпы елге жар салып,
Дана сырын тағы көзге ілмедік,
Түсіндіріп тыңдатар ма елге жүк.
Жау жағадан, бөрі етектен бұлжытпай,
Мына ғалам бұрмалады сырды ұқпай.
Төбелесте төбе тессең аңғалдық,
Ашудағы албырттықты аңғардық,
Үлкен қылмыс болмас еді ұрлықтай.
Қынжылғаны қалса қайтер ашылып,
Тұнжырады дос көңілді қас ұғып.


Сау жүректі жамап-жамап жабы қып,
Төңіректен таба алмай еш пана,
Шағынады жаратқанға бас ұрып.
Әттең-әттең, тіршіліктің тілкімі,
Жіпше иіріп зыр жүгірген ұршығы.
Табысы да, тартысы да жетерлік,
Қанағаттан қарын тояр тек қана.
Тоймайтыны – астам көңіл құлқыны.
Неге асығар көк теңізде кемеші,
Қайда барар қанпезердің жебесі?
Барлық сұмдық адамзаттың тәбеті,
Топырақты тоздырамыз неге осы...
Тырнай-тырнай сөгіледі көбесі.
Ордасы тақ, болғанды да басы бақ,
Хан да болса мәйітін жер жасырат.
Айға дейді жер жоғалар кезде адам тасынат.
Тау кеміріп кетілтетін адамзаттың тәбеті,
Қанағат тап қанағат!
Тағы осы топырақ...
Он сегіз мың ғаламды үнсіз жатыр асырап!





Пікір жазу