11.09.2022
  124


Автор: Алмагүл Жұмажанқызы

Ажалдан аман қалдық

Тағдырдың талқысына таңдану бар,
Мына өмірде бергенім бар, алғаным бар.
Ұлағатты ұлына ұран болып,
Көк көлге, түн құшаққа ай дамылдар.
Есерін тектеп тұрса есті халық,
Есіме оралады қайдағылар.
Жүк артқан нар түйесі мертіккенде,
«Көшкен жұрттан көрінгір»-дегендейін,
Қарғыстың қансыратар салмағы бар.
Күнәкәрі күмілжіп тістесе ерін,
Уатады тіршілік түк демедім.
Тек мынау жер шарының тартылысы,
Алдында аласарған кішкенемін.
Еркімді жетегіне көндіре ме?!
Содан, содан қалтаға салынатын,
Естеліктей бағалы бүктелемін.
Менің мендік даралау табиғатым,
Тек жүректің әміріне бағынасың.
Қажетсіз қағаздайын жұмарлаймын,
Дедің бе?
Жаңыласың...жаңыласың.
Поэзия әлемінің әлегі мың,
Сен менің жырларымнан табыласың.
Алқынған сезім күші сыбырлайды,
Айтып қал айтарыңды не қыласың.
Өмір өзі бәрінде шешім етер,
Өткен ерке күндеріңді есіңе әкел.
Кімдер жазды жүрегіңе бадырайтып,
Есімін естен кетпес етіп әсер.
Ал, ең соңғы жазуды мен жазамын,
Сенбесең қос қолыңды төсіңе әкел.


Қан толқыны арнасын жұлқып ағып,
Жүрегіңмен жүлдені жүрсің алып.
Мен деп соғып тұрмай ма лүпіл қағып,
Білемін қоғам атты тағылымның
Бұғауын бұза алмай тұрсың анық.
Мөлдіреп мен де діріл байқатамын,
Көрсетпей бармағымды қыршып алып,
Әйтеу...әйтеу ажалдан аман қалдық,
Бірімізді-біріміз бір сынадық!!!
Сыймай кетер кезім бар әлемге де,
Мейіріне бақыттың бөленгенде...
Сыйлайды екен сезімге ар ерен кейде,
Сағы сынған тағдырдың тартысынан,
Таяқ жеген тағылым талқысынан.
Менің сақам түскенде алшысынан,
Дұрыстығын бағытымның дәлелдеуде.
Ұлы арманға адаспай жол алғанмын,
Боздағанмен соққысынан борандардың.
Кейде...кейде дүние тіпті сараңдадың.
Албырт, асау мінезімнен түңілгенмін,
Өзді-өзімнен сан рет бүлінгенмін.
Кейде тіпті адыра етіп жеңілдедім,
Талқан болған тәрізді сенімдерім.
Ондай шақта пендемін қалғып кетем,
Түс көремін –
Түсімде тау алжыпты екен.
Тірлік үрей, тіршілік бейбастақ жүр,
Аспан мені айғайлап оятады.
«Саған міндет ұлы тау болашағы,
Құрдымға кетіп барады сергітпесең.
Неге ұйықтап жатырсың ар жүктесем»
– дегендей-ақ, үмітті таң атады.
Тағы...тағы құлшынам ертең үшін,
Тауды емдеп жаза алар ма ерке құсым.


Алау сыйлап әлемге өртенсем де,
Біреулер жүр қызғанып жарты жармақ,
Біреулер жүр мені емес өзін алдап.
Біреулер жүр құдыреттің күшіменен,
Өзді-өзімен өртеніп кете жаздап.
Тағылымның төркіні тереңдерде,
Қалай сиям?
Мен әлем бе,
Әлем мен бе?
Дауысым жетпесе де кереңдерге,
Сұрқиялық, зұлымдық жоғалар ма?!
Өмір-өзен тасқын суға толған арна,
Мін тақпан жүйткіп аққан ағысына,
Соғылмаса болғаны кезеңдерге...
Адасқанды, алжасқанды, ақыретпен,
Құшағына алғанда-жер емдеуде!





Пікір жазу