11.09.2022
  91


Автор: Әзия Мағыперқызы

Күнмен бірге оянам

Діңкелетіп құлатса күрес еңбек,
Күнмен бірге оянам тірі екем деп.
Арманымның ажарын ашайын деп,
Ізгіліктің соңынан ілесем көп.
Күдір жолда күніне мың сүріндім,
Үстіне бұлт қондырып кірпігімнің.
Еркектерді ер дедік ертегі ғып,
Жолында жанын қиған бір сұлудың.
Әйелге ақыл жарасар көріктілік,
Қиял дейтін қымыран көлік мініп.
Топыраққа тоғытып тұяғымды,
Құрт кемірем, жабайы өрік мұжып.
Тілім тілек айтады тісім жайлы,
Адал астан тау қызы ұшынбайды.
Мұқалмайтын жігерім біреуге мұң,
Ал, біреуге арым мен мысым қайғы.
Не айтамын мұң менен қайғы жайлы,
Төрелікке шақырам қай құдайды.
Түн түнек деп кім айтад, туған жердің
Суының сұлулайды айдыны айды.
Ай жайлы да не айтам су жайлы да,
Сыбызғы боп сыңсиды қурай мұра.
Тікбақайлар мықтыдан тірек тауып,
Қушыкештер іздейді қудан құда.


Кесірлер кеуде қағар мықтымын деп,
Үрлеп тастап көбігін іштім ірмек.
Шара көзім шарласа шартарапты,
Күн қарайды төбемнен қып-қызыл бет.
Ертек айтып кеттім бе бағанадан,
Қай базардан сынайды бағын адам.
Жылытады ұлы махаббат жүрегімді,
Бір тәуірі біреуді сағына алам.





Пікір жазу