11.09.2022
  214


Автор: Әзия Мағыперқызы

Ана-жер, айғағы ол ақ сүтіңнің

Туған жер тұнық ауа, жырау далам,
Мен аунағам кеудеңе, күн аунаған.
Әкем сендей әлдилеп көрген емен,
Дәл сен құсап кешпейді кінәмді анам.
Кезінде биігіме шыға алмаған,
Ана-жер, арда есімің ұран маған.
Ақ сәулеңе оранса дана тәнің,
Ертеді ерке аққуың балапанын.
Қызың едім құзыңмен теңестірдің,
Болмаса жусаныңнан аласамын.
Әулиеден аумайтын қарттарыңнан,
Бата сұрап жаюлы алақаным.
Өмірдің аман өтіп кілтеңінен,
Жеткемін бір сенімге бір сенімнен.
Ертеңіңді көремін дидарыңнан,
Сырласып шолпаныңмен, үркеріңмен.
Жаныма жауыныңнан жыр себілген,
Жасымды ақша бұлтпен сүртемін мен.
Қызына қызықты өмір тілемес кім
Қызығын сенде қудым қыз елестің.
Өзенің мен көліңді айна қылып,
Талшыбықтай бойымды түзеп өстім.
Жаным жұпар шашады жалбызыңдай,
Қызыр тұлға тауыңмен тізелестім.
Таба алмасам шешімін сұрақтардың,
Сыбырынан ой таптым құрақтардың.
Саумал самал аймалап самайымды,
Көкірегіме сәулесі құлап таңның.
Жадыратып тастайды жабыққанда,
Бейуазымды дегендей жылатқан кім.


Туған жер, арман қуған ақ құсыңмын,
Ақ құсыңа саялы бақты ұсындың.
Өзіңде туған ұлға ғашық қылып,
Куәсі өзің болдың тәтті сырдың.
Мәңгілік кір шалмайтын ақ мүсінмін,
Ана-жер, айғағы ол ақ сүтіңнің.
Бастауыңнан, бұлағыңнан сусындатып,
Тірлігіме сыйладың тылсым бақыт.
Қажығанда қанжарын қайратымның,
Тастарыңа қайраймын қылшылдатып.
Жер ұйыққа апарса жерсінбей мен,
Саған жаяу келемін күн-түн қатып.
Әлек емен білмейтін әлімді мен
Алтай асыл жаралған ғаламаттан,
Ұрпақ үшін ел мақтан, дала мақтан.
Киік болсам Алтайдың киігімін,
Көк жиекті бетке алып бара жатқан.
Алтайменен арайлы аспан асты,
Кешірмесін кешегі ел тасқа басты.
Үліңгір мен Қанастың бетіндемін,
Аққу болсам арман-ай, ақ қанатты.
Мен бірақ аққу да емен, киік те емен,
Даңқымен дана таудың биіктегем.
Еркін өскен елгезек есті қызбын,
Қоңыр самал маңдайымды иіскеген.
Әлек емен білмейтін әлімді мен,
Ойларымның жиямын нәрін кілең.
Арым ақ, ойым тұнық, сезімім от,
Көңілім көктем, жаным жаз, қаным күрең.
Өкпем болса назбенен түсіндірем,
Мықты емеспін көрсетер күшімді мен.


Жер бетіне салмағым түседі-ау деп,
Қиялдан қанат жасап ұшып жүрем.
Туған жерде биіктеп шалқып төбем,
Өсіп келем тамырым тартып терең.
Қызыл алма секілді жүрегімді,
Ана жердің аузына аршып берем.





Пікір жазу