11.09.2022
  109


Автор: Мүсілімжан Шәріпқанқызы

Кішігірім іске бөлме көңіліңді

Махаббаттың таппадым деп арайын,
Еңіреумен қаттың қалқам талай үн.
Суыртпақтай сетінеген көңліңді,
Қайсы ауылдың қиығымен жамайын...
Құтқар дедің қалқам мені осыдан,
Пікірге бұл қайтып оңай қосылам.
Тез оңатын кей мінезден көшпелі,
Кездерім бар жан түршігіп шошыған.
Кейи көрме бәр-бәрін сал ақылға,
Ұсақ істің бәрін шығар жасынға.
Нәрестеңе жетімдік ат келтірме,
Өзің жесір атақ алма қапыда.
Мұндай атақ емес саған мүнәсіп,
Махаббатың тұрсын, күнім, гүл ашып.


Мажыраға үйірсек боп қайтесің,
Қосағыңмен егерлесіп, сынасып.
Өксітуге қиямысың өміріңді,
Кішігірім іске бөлме көңіліңді.
Жас отаудың маңайына жолатпа,
Араздықтан азаптайтын шер-мұңды.
Шыңырау бар табаныңның астында,
Табасы бар досың менен қастың да.
Жалаңдаған қызыл тілді қасқырға,
Жылы ұяңның босағасын бастырма!
Сүйреңдеген ызғары бар тілдерге,
Алданамыз еріп кетіп біз кейде...
Әпжыландай арбайтұғын кезі бар,
Көз алдыңда күліп тұрған бір бейне.
Баянды бақ қону қайда теп-тегін,
Шешімі бар ашу менен өкпенің.
«Дос жылатып ақыл айтар» деген бар,
Кешіре сал жарыңнан сәл өтсе мін.
Сын сағаттар сабақ өткен талайға,
Жүрегіңнен орын берме тар ойға.
Бауырыңдағы кінәсі жоқ сәбидің,
Болашағын өзіңмен тең абайла!
«Әулие екен білген адам қатесін»,
Ақ сәбиге жатырқатпа әкесін.
Қандай бақыт бала үшін тең көру,
Әкесі мен шешесінің мәпесін.
Қарғам, саған бұдан артық не дейін,
«Нар жығылса әтшу депті егейің».
Көңіліңдегі болар- болмас сызатты,
Жақсылықпен жамап қана берейін,
Жүр, күнішім, отауыңды көрейін...





Пікір жазу