11.09.2022
  98


Автор: Мүсілімжан Шәріпқанқызы

Қараша үйім, қасиетіңнен айналам

Қараша үй, қара орман, қара халық,
Қараша үйде өскенім саған анық.
Жаңа жейде кигенде байғазы үшін,
Бір тананы мәз болғам қадап алып.
Ұялаған қадырың кіл санаға,
Бұлай десем қайбіреу мін таға ма?
Өңіріме әз әжем қадап берген,
Алтын құны жете ме ши танама...
Шалғайлатты сол шақтан міне ғұмыр,
Қараша үйім жаныммен тілегі бір.
Қасиетіңді тануым қалай болмақ,
Саған арнап жазбасам сүбелі жыр.
Қараша үйде жайым бар үлгі ап ұшқан,
Озған едім бір адым қыз жарыстан...
Тілеуімді тілеген қара орман жұрт,
Жыр дарытқан жаныма, нұр дарытқан.
Қараша үйдің салты бар миға сіңген,
Әлпештедің қараша үй мирасыңмен.
Жақсылыққа жанымды жалғап еді,
Шетсіз, шексіз шежіре тыңдатумен.
Қараша үйдің аумағы арман алаң,
Ақ тілегін жүретін жалғап анам.
Қараша үйдің сүзілген түндігінен,
Ай сәулесі жүзімді аймалаған.
Қараша үйім көңілге шаттық екті,
Жан азық қып жақсы сөз, жақсы лепті.
Көкіректің көзімен іздеттірген,
Айсыз түнде аталар ақ сүйекті.


Табындырып талғампаз ғұлама ойға,
Баулу солай басталған қыран ойға.
Тепкешекті тебінтіп тай мінгізіп,
Шынықтырған жарыс қып құба жонда.
Қараша үйім түлеткен қыран баулып,
Құзырыңды зердеме жиям нәр қып.
Азап шегіп жүрсе де ортаймаған,
«Кетпес ырыс, кең пейіл, ұямнан құт».
Ойға қанық биікке құмар адам,
Айып таққым келмейді бірақ оған.
Дала иісі аңқыған қараша үйім,
Кем көрмеймін мың қабат мұнарадан.
Қараша үйдің тарихы киелі архив,
От тамызған аналар тілек айтып...
Ғасыр көшін жалғаған қараша үйім,
Салқар көште шаңырағын түйеге артып.
Кілең бақыт өмірде болсын қайдан,
Өшіргенім кешпес мін дертіңді ойдан.
Егіз көрген бейнетің бақыт, сорың,
Ақтабанда жазылған теңсіз майдан.
Сыр шертілсе көңілдің кетігінен,
Ен бақытқа жүрмедік жетіп үнем.
Еске алмауға дәтіміз шыдамайды-ау,
Ерлеріңді су кешкен етігімен.
Қараша үйім намысты, арды ұқтырған,
Қараша үйде батырға нар күш туған.
Әділдікпен еліне жарлық қылған,
Қараша үйде Абылай жарлық құрған.
Қараша үйде қанша таң бақ боп атты,
Қанша ерді арулап аққа оратты...


Тағдырыңның қостың-ау талқысына,
Ақ бас атан жыр қылып ақбоз атты.
Ізгілікті аңсайды-ау көксеп кісі,
Үміт теңдеп арманға жетпек күші.
Қараша үйдің байланған белдеуіне,
Жәнібектің серігі көк бестісі.
Ой шүңеті тартады ары қарай,
Сондағы елдің болды деп халы қалай?
Тұяғыңнан кетілген тасқа басып,
Табар ма едім бір сынық жануар-ай.
Қолымызды созсақ та айға бұл күн,
Күбірлейді таңбасы бармақ іздің.
Тұлпар шықса атындай Марғабылдың,
Жабыспасын сауырына қарға-құзғын
Биікпенен теңшейтін аласаны,
Қараша үйдің азайды қара шалы.
Бұйда, сілбі кетпесін мұрыныңнан,
Қараша үйдің поезі – қара атаны.
Қара тауда ап айқын жол жатқаны,
Қараша үйдің жазылып сорбақ табы.
Болашақтың межелеп жорамалын,
Неткен ғажап асанның жол бастауы.
Араласар игі іске білек түріп,
Қараша үйден басталған тілек тұнық.
Қиындықта етпесең жүректілік,
Аһ ұрасың амал не жүдеп тынып...
Жатқаны ырас өмірдің заңы алмасып,
Азапты ойдан түнейді жанарға шық...
Қараша үйден сескенсе ұрпағымыз,
Жүруі хақ адамды алаңдатып...


Кейде ойлаймын мәзбін деп несіне мен,
Ой теңізін өлсем де кешіп өлем.
Жалғасам-ау ұрпаққа бір ауыз сөз,
Қараша үйдің тарихын оқы деген.
Кесірлерден кетер ме сонда арылып,
Қапияда қыран жүр торға кіріп...
Қараша үйден сөйлейді боздақ үміт,
Белең-белең адырлар қойнауы құт...
Қараша үйді ұрпақтар жатырқама,
Кетті деме әр шөптің басын шала...
Бабаң өскен киелі қараша үйді,
Тұғыры деп тегімнің асыл сана.
Құм санауды үйретер өз дәуірің,
Қара таудың алдымен тасын сана.
Қараша үйді, қарғашым, жатырқама...





Пікір жазу