11.09.2022
  252


Автор: Сағыныш Намазшамова

Серпіп тастап сағыныштың сағымын...

Серпіп тастап сағыныштың сағымын,
Көктеміммен бірге келген жарығым.
Сенен түскен сәуле көзін ұялтып,
Кетті аулаққа жалғыздықтың жары – мұң.
Тыйыа тастап ой-толқынның тентегін,
Кеудесін жел жұлмалаған желкенім.
Көлге қара Көкпен жатқан астасып,
Сезімімнің іздер болсаң өлшемін.
Сағынтарым, аңсатарым, іздерім,
Қарсы алатын тырналардың тізбегін,
Көктемімді кешіп келем, асықпа,
Ала тұрсын қартаң тартқан күз демін.
Кемпірқосақ. Ұнатасың қай түсті?
Қызыл, жасыл, маған бәрі айшықты.
Жарқ етерін жанарыма сіңірген
Жасыныңнан жүрегіме жай түсті.
Өртенгенмен өр жүрегім өлмеген.
Ағыл-тегіл нөсерлетсін енді өлең.
Тағдырыммен кезіккенде бетпе-бет,
Көктеміңді көрсет десе, Сен дер ем.





Пікір жазу