11.09.2022
  115


Автор: Сағыныш Намазшамова

Кейде өмірді келеді талқандағым...

Кейде өмірді келеді талқандағым,
Қасқайсам-ау, міне, деп, алсаң жаным.
Арқа сүйеп келмейді алшаңдағым,
Арқам барда өзіме артам бәрін.
Кейде өмірді сүйемін өліп-өшіп,
Күмбірлеген кеудемде желік есіп.
Енді жете бергенде ардағыма,
Қарсы алдымнан шығады темір есік.
Кейде отырам өмірдің мәнін ұғып,
Боталарым жағады жаныма үміт.
Атса деумен солардың таңы күліп,
Сұр тірліктің кетеді жаны кіріп.
Солай. Жиі құбылам, қайран қалма,
Жұмбағына жанымның айлаң бар ма?
Мен түгілі жүр, әне, мың өзгеріп
Бақыт күліп құшағын жайғандар да.





Пікір жазу