11.09.2022
  123


Автор: Сағыныш Намазшамова

Алғашында албырт оймен адастым...

Алғашында албырт оймен адастым,
Қиялыммен қолтықтасып таң астым.
Қол бұлғамай кете берді келмеске,
Уақыт мешкей жеп бітірген қалаш-күн.
Иек артқан шақтарым-ай елеске,
Мен де өшетін секілді едім ол өшсе.
Бар мен жоғым, мұз бен шоғым сыналар,
Қамкөңілім кешіп, көшіп сел өтсе.
Біріміз жаз, екіншіміз қыс сынды,
Жаздан жаның неге сонша ышқынды?!
Ұмытқан соң бірге ұшқан құс-күнді,
Соның бәрі түнде көрген түс сынды.
Болдым деме сол сәттерден сан ығыр,
Тілектестің Тәңірі бір, таңы бір.
Бүгін нүкте.
Ертең күтпе келер деп,
Әйтеу бір күн мені іздейсің бәрібір.
Енді маған бәрібір.





Пікір жазу