11.09.2022
139
Жырым-жырым жақсылық...
Жырым-жырым жақсылық,
Түсіп қалды иықтан.
Өмір, өзің бақсы ғып,
Күліп тұрсың миықтан.
Жымың-жымың көкте күн,
Түнмен туыс тамырым.
Кімге керек өткенім,
Сылдыр су боп сан ырым.
Тілім-тілім тілегім,
Сіңіп селдір бұлттарға.
Қайғы жонған жүрегім,
Шипа таппай ұрттарға.
Мұңым, мыңым, мұнарам,
Қасық мида мекенің.
Тәтті тағдыр сұрағам,
Білмей қатал екенін.
Бұрым-бұрым бұралаң,
Батты-ау саған сан адам,
Қос бәйтерек құлаған –
Қайран әкем, жан ағам!