11.09.2022
  136


Автор: Сағыныш Намазшамова

БАБА ТІЛДІҢ ҚАДІРІН БАЛА БІЛСІН

Тіл – оттегім, таза ауам тыныстаған,
Ол түнерсе, менің де өшкен күнім.
Жоғарыға жалау ғып жыр ұстаған
Кіндігінен таралғам көшпендінің.
Еркін елдің балауса бастауымын,
Аталардың аңсаған арман-әні.
Немқұрайлау кейпіме тас дәуірдің
Таңданады тастағы таңбалары.
Жәбір көрген жандайын жақынынан,
Сырты солғын дей көрме, іші – жалын.
Бәтуашыл бабалар нақылынан
Тұшынамын, жыр-кептер ұшырамын.
Қамшысындай атамның өрілген сөз,
Көркемдігі - әжемнің кимешегі.
Көкжиектен күн күліп көрінген кез
Жаттық етсем, жаным да күймес еді.
Он бесінде ой түйіп, топқа кірген,
Қара балаң бүгінде қарадүрсін.
Жан-тәніммен тілерім тек Тәңірден –
Баба тілдің қадірін бала білсін.





Пікір жазу