11.09.2022
  101


Автор: Сағыныш Намазшамова

Эпилог орнына

Қарсы алдымда таныс жанар, таныс жүз,
Тым жақынбыз, сөйте тұра алыспыз.
Балалық-көш жүріп өтті көңілден,
Күлімсіреп кідірдік те... дауыссыз.
... Тұрмыс құрған, қызметі тәп-тәуір,
(Тек кешегі Дана емес бұл, жатбауыр).
Шекер күнді бекер күнге балады,
Оралғанда балғын бала шаққа бір.
«Бар қызық та, бар мүмкіндік қалада,
Мейлің, оны қала, тіпті қалама.
Мені ауылдың ауласында қалдырмай,
Алғысым көп алып келген анама.
Әлі есімде, жылағаным сол күні...
Зейнет болды анамның сол зорлығы.
Өйтпегенде қызмет қайда бүгінгі?!»
Мақтан етіп айтып тұрды ол мұны.
«Атамның да көзі тұр бұл үйімде»,
Осы сөзі тұздық болды түйінге.
Ақ матада, ілініп тұр биікте,
Құран кітап қол тимеген күйінде.





Пікір жазу