11.09.2022
144
АЛМА АҒАШ ГҮЛДЕДІ
Алма ағаш гүлдеді.
(Жетектей жөнелді жыр мені)
Үсітті үлпілдек үмітті,
Көктемнің көңілсіз бір демі.
Адалдың жоқ білем, жаттығы.
Алманың ашылған ақ гүлі,
Жел тұрып құйынын құтыртқан,
Жер болып шашылды шаттығы.
Алма ағаш, арнадым бір өлең
(Көңілді күйім жоқ, күлер ем),
Ащы Күн апшысын қуырып,
Тамыры бір тамшы тілеген.
Әр күні шертеді бір күйді,
Жаңбыр да болымсыз бүркиді.
Тал шыбық мінген бір тентек ұл
Зікірін салдырып сілкиді.
Домалап ащысы, тәттісі,
Жалғанға жайылып жатты ісі.
Құс ұшып аулаққа жөнелді,
Бақта да бола ма бақ құсы?
Таусылмас тілек көп, күнде арман,
Сынаққа жомарт-ақ бұл жалған.
Бәрібір тірліктің тәтті екен,
Жемісі шыныққан, шыңдалған.
...Алма ағаш гүлдеді.