11.09.2022
  86


Автор: Сағыныш Намазшамова

Қызығардай болса өмір дерегім....

Қызығардай болса өмір дерегім,
Бақ алдында келер бір күн кезегім.
Уақыт деген сапарластың жүгі ауыр,
Бір жағынан көтеріссем деп едім.
Көтерісем, міне менің иығым,
Бетке алармын бетпақ дала қиырын,
(Оралар кім?!) орамалдың шетіне
Ар-ұяттың түйіп алып түйірін.
Уақытпен ұстанғанбыз бір бағыт,
Қатар жүріп, бір әуенді тыңдадық.
Мәре жайлы мәре-сәре сөз қылдық,
Дәл сол жаққа келген дейсің кім барып.
Басып өттік бірде шаһар, бірде ауыл,
Бөркімізді алып кетті бір дауыл.
Құтырынған құйын қайдан ұғынсын,
Тағдыр жүгі кімге жеңіл, кімге ауыр.
Ілескеннің, әрине, асқақ айбыны.
Көлі қоғалы, аққулы ғой айдыны.
Бұлғыр тауға тастап кеткен Тарғындай
Уақыт, жолда қалдырасың қай күні?!





Пікір жазу