11.09.2022
  87


Автор: Сағыныш Намазшамова

Не?

Не?
Сезім дейсің бе?
Есімде жоқ.
Ернімде еріп кеткен шығар-ды,
Саған, маған керексіз
келіп кеткен шығар-ды.
Танымастай тозғасын
көрік кеткен шығар-ды,
Өтірікке тұншығып
өліп кеткен шығар-ды.
Сенің дауылың тұманы
шайқап кеткен шығар-ды,
Өзі берген отты өмір
қайта ап кеткен шығар-ды.
Жердің жарты жағында
Ай қап кеткен шығар-ды,
Айсыз, жайсыз шақты бұл
байқап кеткен шығар-ды.
Керуенге ілесіп көшіп кеткен шығар-ды,
Қайырылар деп біздерді
тосып кеткен шығар-ды.
Аяз еді арамыз,
шошып кеткен шығар-ды.
Өзге ауладан жылылық
есіп кеткен шығар-ды.
Есімде жоқ.
Жадымда жаңғырмайтын шығар-ды.
Жаңғырмасын,
жаңғырса жан қинайтын шығар-ды.
Думан-дүрмек жолында дәл
біздейлер кездессе,
Сезім деген серіңді
таң қылмайтын шығар-ды.





Пікір жазу