Шыбық алып барайыншы қой жаққа....
Шыбық алып барайыншы қой жаққа,
Не қалыпты жар астында, ой қап па?
Балалықтан тарқамаған той қап па?
Шыбық алып барайыншы қой жаққа.
Томсырайып жатыр әлі тарғыл тас,
Шығып алып қарайыншы жан-жаққа.
Балалықтан шырқалмаған ән қап па?
Қызыл-жасыл қыр гүлдері қаулап па?
Сол кілемде арманшыл қыз аунап па?
Қара сирақ қалақайға таланып,
Бүлдіргенге басын сұққан баланы ұқ.
Жиде теріп жүргенімде білдім бе,
Бақытымның жатқандығын қаланып.
Топыраққа жазған да мен сан әріп,
Ту алыстан демеп тұрды тау алып.
Бәрі-бәрі бәз-баяғы қалпында,
Заман туып жатқанымен, жаңарып.
Сымтемірден сақина ғып, сырға ғып,
Су-айнаға қарайтынмын ұрланып.
Қырағылық қонақтапты бойыма,
Назар сап ем нысанаға қырды алып.
Көшер өмір, өшер сәуле бір күні,
Көшкен бұлттар кетер деуші ем кімді алып.
Балаң жүзді аптап ыстық күйдірген,
Бір жақта үңгір, бір жағында бүлдірген.
Сұрқы жаман біреу шыға келердей,
Зәрем кетіп қорқатынмын үңгірден.
Ал өмірде одан бетер қорқыныш
Күтіп алда тұратынын кім білген?!
Өзіммен бір мінгізіп ап ойды атқа,
Шыбық алып барайыншы қой жаққа.
Алтын күнде алшаң басып жүрген қыз,
Балалықтың аңсатарын ойлап па?