11.09.2022
  105


Автор: Сағыныш Намазшамова

Нені аңсадым, не күттім, нені іздедім?

Нені аңсадым, не күттім, нені іздедім?
Кеудесінен күндердің кен іздедім.
Есер болған есіме ем іздедім.
Қапас түннен ағарған таң іздедім,
Шабысынан жүйріктің шаң іздедім,
Тоғышарлау тірліктен мән іздедім.
Ордалы оймен сезсем деп отыз демін,
Ойлы жастың көзінен от іздедім.
Жолаушыдай жүдеген жоқ іздедім.
Ажарынан арудың ар іздедім,
Көкірегінен кереңнің ән іздедім.
Айқыш-ұйқыш әжімнен әр іздедім.
Жетімектің жүзінен күлкі іздедім,
Көште қалған күшіктей жұрт іздедім.
Жұмбағы көп дүние, кілт іздедім.
Жеткізсін деп жырымды жел іздедім,
Құтқарам деп ұсынар қол іздедім,
Апаратын жұмаққа жол іздедім.
Бәрін-бәрін әлі де іздеп келем,
Сабылумен қыс пен жаз, күзді өткерем.
Қауышу мен тұрады жоғалтудан,
Баяны жоқ дүние біз беттеген.





Пікір жазу