11.09.2022
111
Бұлт жылауық, Ай менмен, күлегеш Күн....
Бұлт жылауық, Ай менмен, күлегеш Күн,
Жел жүгірді соңынан бір елестің.
Қасиетінен қара Жер айнымасын,
Одан өзге бақытты тілемеспін.
Қарсы алдымнан бір есік жабылғасын,
Төрт бұрыштың ұрамын қабырғасын.
Дөңгеленген дүниемен бірге айналдым,
Тар қалыпқа басымды сан ұрғасын.
Маған місе болмады шеңбер деген,
Жанымдағы дертімді емдер деп ем.
Білем, мендей сыя алмай жүрсіңдер ғой
Неге жасырасыңдар сендер менен?
«Рас» дейтін жан бар ма, Тәңір-ау, бір?
(Қан базардай қайнаған өмір-ау бұл).
Көп аңсаған кеңістік, саған барар
Мен түбінде табармын саңылау бір.