11.09.2022
  122


Автор: Сағыныш Намазшамова

Расында өмірдің несі жалған?

Расында өмірдің несі жалған?
Әлі талай ашылар есік алдан.
Неге екенін, сонда да аласұрам
Кербұғыдай мүйізін кесіп алған.
Олжашыл жұрт екен ғой о да айлалы,
Тоғайған көңіл қайда тоғайдағы?!
Ауырдың астында жүр аз ғана топ,
Жеңілдің үсті барда оңай бәрі.
Шағыр бұлт емес екен басқамыздай,
Шақшиып өте шықты жас тамызбай.
Миығынан күлетін мына тірлік
Ақ мысығын жүгірткен Мақта қыздай.
(Болар ма екен мерейі мың күнімнің),
Түнеп шыққан түбіне кіндігімнің
турашыл ой туғаншыл емес екен,
Ойып алды бір көзін ындынымның.
Инабатым болғанмен иықтылау,
Алмасумен келеді биік, құлау.
Қызыл-жасыл құбылған сиқыр дүние
Сыңар көзге бәрібір сыйып тұр-ау.





Пікір жазу