11.09.2022
  155


Автор: Сағыныш Намазшамова

Мен әйелмін...

Мен әйелмін,
жанымда қырық шырақ,
Ешкімге енді бармаймын үміт сұрап.
Саналыға салмағы батпан өмір,
Ақымаққа, шіркін-ай, қызықтырақ.
Мен әйелмін
жылайтын күліп тұрып,
Жүрекке ауыр жүк артар біліп тұрып.
Ай мен Күндей ажарлы, дертті жүрек,
Хан қызындай салынған қырық құлып.
Мен әйелмін
жанардан жылу күткен,
Айна алдында сырластым сұлулықпен.
Кеше неге, білмеймін, жери бердім
Пешенеме бұйырған бір үміттен.
Мен әйелмін,
таусылмас аңсар әнім,
Мөлдірлікке мөлт етіп тамса жаным,
Тазалыққа талпынған барым деп ұқ.
Құшағына қапсырып алса жалын,
Өртке оранып жатып та тамсанамын.





Пікір жазу