11.09.2022
  104


Автор: Рза Қунақова

ШОҚ ГҮЛ

(Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Ойық» орта мектебінің түлегі, қоғамдық игілікті сақтап қалу жолында ерлік көрсеткен батыр да қайсар Оспанова Ұлбосын Абайқызына)
Айы еді шілденің,
Отар жүрген өрісте.
Бұзылды күн білмеді,
Соқты бір жел терістен.
Қорғасын бұлт аспанды
Қаптады лезде кенеттен.
Ұлбосын да сасқан-ды
Соқты ызғарлы жел өктем.
Найзағайдай шатырлап,
Ақ нөсер құйды шүмектеп.
Маржан бұршақ сатырлап,
Көрінбей дала түнектен.
Үй іші отыр үрейде,
Өріс жаққа қарайды.
Бұршақты нөсер үдеуде,
Ақ бұршақ басты маңайды.
Ілгері баспай аяғын,
Отарлар ықты жаңбырдан.
Сүйеніш етіп таяғын,
Шопан қыз асты сан қырдан.
Отармен қоса болдырып,
Аяғын əзер басады.
Көрмеген мұндай жол жүріп,
Ұлбосын қатты сасады.
Ыққан қойлар біртіндеп,
Еңіске қарай шұбырды.
Ұлбосын қалай іркілмек,
Соңынан қалмай жүгірді.
Қайырып қозы, қойларды,
Ауылға қарай беттеді.
Су алды жыра сайларды,
Сел суы тым көп тегі.
Қойларды аққан селменен,
Біртіндеп судан шығарды.
Апатты мұндай көрмеген,
Болса да нəзік, шыдады.
Аяқ-қол қалды қарысып,
Су болды үсті малмандай.
Селмен жалғыз алысып,
Əлі де бітіп қалғандай.
Аяғы тайып құлады,
Бір толқын кетті еңсеріп.
Бір батып, бір шығады,
Су бетіне теңселіп.
Орамал қызыл қызарып,
Барады селмен жарысып.
Мерт болды шопан қыз анық
Тасқынмен жеке алысып.
«Өлем» деп селден шошынбай,
Сақтады малын қоғамның.
Жасады ерлік осындай,
Айтылды алғыс оған мың.
...Қыршын кеткен жас жанға
Ескерткіш гүл егілген.
Он алтыдан асқанда
Ол қоштасты өмірмен.
– Қастерлейді оны ел, –
Деп күрсінді қария.
Құрбан етті тосын сел,
Ерлігі елге жария.
Ескірмейді ер ісі,
Таусылмайды əңгіме.
Ескерткіш – ерлік белгісі,
Ол қалады мəңгіге.





Пікір жазу