АНА СӨЗІ
Ақ сүт беріп, тал бесікте тербеттім,
Қолқанат боп, қызым, сен де бойжеттің.
«Аяулы анам, өскеннен соң сыйлаймын
Саған ғана əсем гүлін жер, көктің!» –
Деуші едің ғой мойыныма асылып,
Тілейтінім – жасамайық асылық.
Жарымжан боп келсе де əкең соғыстан,
Ешкімге де көрген емес бас ұрып.
Сол кездерде бақытты жан біз едік,
Өмір көшін жылы жаққа түзедік.
Алданыш боп екеумізге бір өзің:
«Ұлымыз да, қызымыз да сен», – дедік.
Əкең кетті бұл өмірден ертерек,
Үлгермедің оған ұзақ еркелеп.
Мені-дағы айналдырған қу бейнет,
Түспей қойды иығымнан желкелеп.
Сөйтіп жүріп аяғымды сал етті,
Жүре алмаймын, еңбектеген сал етті.
Бұл аурудан қорықпаймын «өлем» деп,
Үйге кіріп-шығуымды зар етті.
Жас баладай көтересің мені сен,
Бұл сырқаттың енді қалған емі сен.
Бірімізге қанат болдық біріміз,
Шын қамқоршым өзің деуге келісем.