10.09.2022
135
АНАМА АРНАУ
Көрмедім айлар, апталар,
Кешігіп еді хат-хабар.
Ойласам, ойда бар ма еді,
Естимін деген жат хабар.
Хабарың тиді қолыма,
Асықтым барар жолыма.
Қайтейін, анам, қайтейін,
Түсіпсің ажал торына.
Көзімнен ыстық жас ытты,
Жетуге мен де асықтым.
Бекісе де буыным,
Сүйегімді жасыттың.
Өлімге сені қимадым,
Төгілді жасым, тыймадым.
Ет жүрегім елжіреп,
Есімді əзер жинадым.
Көңілім асқақ басылды,
Гауһарым жерге шашылды.
Аяулы анам, кеш мені,
Соңғы рет идім басымды.
Асылдың кені таста ғой,
Ақылдың кені жаста ғой.
Болмаспын өгей өмірге
Ана орны бірақ басқа ғой.