10.09.2022
  165


Автор: Рза Қунақова

АҚҚУЛАР ТУРАЛЫ АҢЫЗ

– Өте ерте заманда,
Аз болыпты адам да.
Тұрыпты олар қамалда,
Айдаһардан аманда.
Болғанша түн қараңғы,
Бейбіт еңбек қызыпты.
Бір күні сол қамалды,
Су тасқыны бұзыпты.
Арман қалған адамдар
Орман жаққа көшіпті.
Қорек болған тағы аңдар,
Айдаһар жол кесіпті.
Айдаһар сұм ысқырып,
Соқтырыпты дауылды.
Көрсетіп көп күштілік,
Қорқытыпты қауымды.
Сасқанынан адамдар
Тау мен тасқа безіпті.
Жасайтын не амал бар,
Сан сойқанға кезікті.
Асып биік таулардан,
Өзендерден өтіпті.
Жан тасалап жаулардан,
Айдын көлге жетіпті.
Жағасында тыныстап,
Аз күн өмір сүріпті.
Пана болып жеміс бақ,
Еркін кезіп жүріпті.
Аққулар көл бетінде
Күндіз-түні жүзіпті.
Адамдар су шетінде
Қызығып көз сүзіпті.
Достықтары жарасып,
Көлді бірге жайлаған.
Бір-біріне қарасып,
Тыныштықты ойлаған.
Адамдардың сорына
Қайта дауыл басталды.
Айдаһар ғой тағы да
Сатырлатқан аспанды.
Адамдардың соңынан
Айдаһар еш қалмады.
Ұстап алып тобынан
Күнде бірін жалмады.
Жей берген соң біртіндеп,
Екі-үш адам қалыпты.
Айдаһар сұм зіркілдеп,
Сəбиге ауыз салыпты.
Қауіп төнген жас жанға
Болады кім панасы?
Лақтырады аспанға
Егізін ер анасы.
Ұшып келіп аққулар,
Қағып алды баланы.
Қала берді айдаһар
Ашылды да араны.
Аққулар ұшты айналып,
Қоштасқандай көлменен.
Екі сəби жайланып,
Қос қанатта тербелген.
Ана қолын бұлғайды,
Аққуларға көктегі.
Көңілі бір тынбайды,
Бұрге ұшып кеткелі.
Айдаһар сұм ысқырып,
Əз анаға ұмтылды.
Дауыл қатты ышқынып,
Бұлт бүркеніп күн тұрды.
Қараса да тесіліп,
Аққу көзге түспейді.
Айдаһар сұм өшігіп,
Өкініп тіл тістейді.
Əлгі жерге оралмай,
Аққу ауып кетіпті.
Өзге көлге қона алмай,
Алатауға жетіпті.
Алатауда əйгілі
Əсем Есік көлі бар.
Жетерлік жеміс байлығы,
Балық пен аң қоры бар.
Аққулар да осында
Қалған екен мəңгіге.
Сəбилердің қосында
Бірге салған əнді де.
Есейген сол балалар
Бірі қыз, бірі жігіт боп.
Адам атын бағалар
Ақтайтұғын үміт көп.
Адам тегін сақтаған,
Аққуды ел сүйеді.
Аңшылар да атпаған,
Құс деп оны киелі. –
Деді əжем ойланып,
Көкке ұзақ қарады.
Төбемізден айналып,
Аққулар əн салады.





Пікір жазу