10.09.2022
  136


Автор: Рза Қунақова

АЙТЫС

Кездесті де лақ, қозы,
Келді бірге тоғайға.
Екеуінің түсті көзі
Сонда жүрген торайға.
Құлақ па деп танауы,
Жан-жағынан байқасты.
– Қандай қызық танауы, –
Деп бастарын шайқасты.
Күрке тауық жетіп кеп,
Өз танауын көрсетті.
Төмен қарап иіліп,
Тоқылдаққа өлшетті.
Мұны естіп кірпі де,
Көтерді көкке мұрынды.
Айналдырды күлкіге
Шауып келген құлынды.
Бұзау жетті пысылдап,
Бұл айтысты көргесін.
Бота жетті ысылдап,
Селкілдетіп өркешін.
Күшік жетті шəуілдеп,
«Басқалардан кем бе едім?»
Мысық жетті мəуілдеп,
«Маған сендер тең бе едің?»
Аққу жетті иіліп,
Көрсетпекке пішінін.
Бүркіт түсті шүйіліп,
Бары анық күшінің.
Бəрі көріп бүркітті:
– Бар, – деді, – аңдар қалауы.
Əділін айт біздерге,
Кімнің жақсы танауы?
– Еш танауды қолдаман,
Дей алмаймын бар міні.
Көрмесеңдер сол жаман,
Тек танаудан арғыны.
Таласпаңдар бəрің де,
Танау үшін айтысып... –
Деді-дағы жөніне,
Қыран кетті қайта ұшып.





Пікір жазу