meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  10.09.2022
  148


Автор: Исраил Сапарбай

ТҮС

Күнәһарды әділ сот
Өлтірмекке айналды.
Жазған басым жанын сап,
Қара басым қайғы алды.
Тәңіріме табына,
Жендеттің кеп жанына
Жалбарынып, жалына:
«Мені ас, – дедім, – дарыңа!»
«Кімге керек ерегес,
Қанмен жусын күнәсін!
Ей, момын жан, сен емес,
Ұрлық қылған мына сұм!..»
Қалмай қойып қасынан,
Иығына қол артам:
«Қабынды ал да басынан,
Мойыныма сал арқан!»
Жұрт ішінен көлденең
Шыға келді бір мықты:
«Парақор ғой ол деген,
Қанша ақшаны қылғытты!..»
Қалай үнсіз қалайын,
Дүр сілкінді иманым:
«Айналайын, ағайын,
Кешірім ет, қи жанын?..»
«Сатып кетті мені де
Ол сұмырай, оңбаған!.. –
Бір бикеш тұр егіле, –
Жетім қалды он балам...»
Кім әйелге жалынбас:
Он баланың тағдырын,
Айналайын, қарындас,
Мойыныма сал бүгін!
...Жақсы-жаман аралас
Жұрт ыңғайы шамалас.
Жұтынып тұр жендетін!
Күтініп тұр дарағаш!
Күнәсіз қай пенде бар?
Жендеттікі-ақ жөн болсын.
Ақырғы үміт сенде, Дар:
– Мен өлейін, ол қалсын?..
Ала қайда құласыз?
Сол ма жалғыз білгенің?
Күнәліні күнәсіз
Көріп тұрса – бұл да өлім!
Келіс, мейлін, келіспе,
Өз ісің ғой бұл деген.
Болмаған сон періште,
Күнде туып, күнде өлем...





Пікір жазу