10.09.2022
  84


Автор: Исраил Сапарбай

БАЛАЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ ӘНІ

Көз моншағым – алқа, алқа, алқадүр,
Дүниеде бар ма алқасыз хал-қадір?
Байшұбардың айылы алқам-салқадүр,
Баршагүл-ау, бой көрсетші дастаннан!
Асқар таудың тітіркеніп денесі,
Бұлт бүркеніп кетті кенет неге осы?..
Айтшы, қайда үзеңгінің егесі? –
Баршагүл-ау, бой көрсетші дастаннан!
Батырыңнан алмаймысың хал-хабар?
Қазаланса, қара жерге қан тамар...
Көз жасымды сен емей, кім арқалар? –
Баршагүл-ау, бой көрсетші дастаннан!
Бәрі бекер... Мен білемін: бәрі – аңыз.
Күндер өткен сайын өшіп барады із..
Бір мезетке жақындасын арамыз –
Баршагүл-ау, бой көрсетші дастаннан!
Үндемейсің... Білдірмейсің бір хабар.
Сен кеткенсің, мен де кетсем, кім қалар? –
Жан діліндей жалғыз ғана үн қалар:
«Баршагүл-ау, бой көрсетші дастаннан!»





Пікір жазу