10.09.2022
  79


Автор: Исраил Сапарбай

ӨТІНІШ

Бағытты бұрып бауларға қалың,
Шығайық, жүрші, тауларға, жаным.
Қаланы артқа қалдырып бір сәт,
Кеудеге тыныс алдырып бір сәт,
Саябан самал жүзімізді өбіп..,
Тірелсін құзға ізіміз келіп.
Күн бойы құрып желікпе сайран
Қаланың миын жедік пе, қайдам..
Күндіз де кешке болайық тауда,
Жұлдыз боп бір сәт жанайық тауда.
Биіктен жерге қарайық, қалқам,
Қаласаң, сонда қалайық, қалқам...
Десек те кең ғой қаланы қанша,
Ауасы тар ғой, амалың қанша..
Дүниенің бауыры, әлемнің қойны
Саған да, жаным, маған да ыңғайлы!
Тұратын ылғи қалғып тұманы
Қала іші бізге тарлық қылады.
Өзенге мұздай түсейік барып,
Кәусарын тұнық ішейік қанып.
Баурайы таудың қаладан қашық,
Көрмеген жер бар жан адам басып.
Көрпесін жасыл жайсын ағашы,
Көкіректің шаңын шайсын ауасы.
Тұрсың-ау толқып, толықсып, айым,
Жүр, кәні, тауға алып шығайын.
Баурайы мақпал, етегі барқыт,
Үстіңнен ақ бұлт өтеді қалқып...
Кештерде жанған қарайық шамға,
Қаласаң, қайтпай... қалайық сонда.
Айтпайсың неге, жаным, халіңді?
Қалайсың ба әлде жалынғанымды?
Сөзіме құлақ салмайсың неге?
Көзіңді жерден алмайсың неге?
... Күймесін деп ем күйбеңнен небір
Кеңістікке әбден үйренген көңіл...





Пікір жазу