10.09.2022
  81


Автор: Исраил Сапарбай

ЖАҢА ҒАСЫР

Сенің екі көзің,
қол-аяғың,
пешенең,
салтанат-саулығың бар,
Демек, қыруар байлығың бар!
Оның да екі көзі,
қол-аяғы,
пешенесі,
салтанат-саулығы бар,
Демек, қыруар байлығы бар!
Сенің өз өлең төсегің,
бала-шағаң,
қазан-ошағың,
Құдай қосқан қосағың бар,
Демек, ұзақ ғұмыр жасарың бар!
Оның да өз өлең төсегі,
бала-шағасы,
қазан-ошағы,
Құдай қосқан қосағы бар,
Демек, ұзақ ғұмыр жасары бар!
Айтшы, ендеше, «қымбаттым»,
Ажал оғын кімге аттың?
Баспананы неге өртедің аядай?
Жас баланы неге өлтірдің аямай?
Жаңа ғасыр тағысы ма ең қанқұйлы? –
Жалғыз оқпен жазықсыз жан жан қиды...
Кімге керек ажал сепкен «бұршағың?»
Кімге оқ атып, кімге қару жұмсадың?
Қылығың да,
бүлігің де тым бөтен,
Ібіліс, жын ішіңде ойнап жүр ме екен?..
Адамдықтың ар-ожданын аттаған
Әу бастан-ақ жабайылық жат маған!
Шайтанбысың белін буған өлмеске?
Білек түрме,
Беріштенбе,
Белдеспе!
Қарсы жүзіп қажеті не ағысқа,
Арам пиғыл апармайды алысқа.
Ей, қанішер!
Қара түнді жамылып
Қаруыңа сене берме қағынып!
Қара жерде қаншама жан онсыз да
Қасірет пен жатыр қайғы жамылып...
Тірілердің биіктетіп тұлғасын,
Өлгендерге өмір берсін бұл ғасыр!!





Пікір жазу