
ҮШ АЛТЫН ҚЫШ
Әлімсақ па,
Әлде бергі тұста ма,
Ферғанада тұрған екен үш бала.
Ата-анадан ерте айрылған үш жетім
Ертелі-кеш өз тірлігін істейтін.
Жетімдердің жай-күйіне кім қарар?
Өйтіп-бүйтіп, әзер-мәзер күн көрер.
Ертелі-кеш көше кезіп Үлкені,
Жоқты-барды, күл-қоқысты тінтеді.
Мезі етті ме өнбес, көнбес тірлігі,
Екі інісін шақырды да бір күні.
Үлкені айтты: «Мәмілеге келейік,
Не көрсек те пешенеден көрейік.
Қол қусырып отырамыз несіне,
Кең дүниеден бұйырар бір несібе.
Қара жолдан бір қайырым іздейік,
Үйде отырып босқа үмітті үзбейік...
Үлкені айтса ақылы мен кеңесін,
Екі інісі мақұлдамай не десін:
Көп ұзамай жолға шықты үш ұлан,
Талай-талай өтті ауылдың тұсынан.
Тікен тырнап, табандарын тас тілді,
Айдалада аш жатты да, аш тұрды.
Әйтсе де олар алған беттен талмады,
Жолды жолға, таңды таңға жалғады.
Азып-тозған шақтарында міскіндей
Алдарынан жанды жарық үш бірдей!
Жалт-жұлт еткен ғажайып бұл не деген?
Жұлдыз ба әлде ағып түскен төбеден?
Ерең-серең екі кештің арасы
Елден ерек жарқырауын қарашы?!
Не болды екен, не болды екен, апырым-ай,
Барайықшы қасына бас қатырмай!
Таяп келсе...
Сізге өтірік, маған шын,
(Қайран жүрек, қайтіп байыз табарсың?!)
Үш алтын қыш жатыр екен жол бойы
Жарқ-жұрқ етіп көзді жаулап өнбойы!
Араласып кеткендейін түс, өңі
Аңтарылып тұрып қалды үшеуі.
Бір-біріне деп қояды: «Қарашы,
Алтын деген осы болар, шамасы?»
«Шыныменен алтын ба бұл, о, тоба!
Алтын болса, жол үстінде жата ма?»
«Жә, жетеді, айтысамыз несіне,
Бұл да болса тәңір берген несібе, –
Деп Үлкені қолына алып алтынды:
Қарын ашты, сабырымыз сарқылды..
Қалды дейсің бойымызда қанша күш,
Қала да алдан емес шығар онша алыс,
Өлетұғын түріміз бар жолда арып,
Тамақ алып келе қойшы сен барып...
Кенжесінің үзілгенде қарасы,
Ортаншы ұлға былай деді ағасы:
– Кіп-кішкентай болып алып бұл неме
Мына бізден дәмете ме бірдеңе?
Анығында алтын оның не теңі,
Екеуара бөліп алсақ нетеді?
Олай болса сертке берік серік бол,
Байқаусызда қақ маңдайдан періп қал!
Дұрыс болсын, бұрыс болсын мұнысы,
Ағасы айтса құп алмай ма інісі?!
Кенжетайы алып келіп тамақты
отырғанда... Қақ шекеден қан ақты!
Қара көзі алақ-жұлақ қанталап
Байғұс бала құлай берді шалқалап.
Пайымдамай, уайымдамай басқа ойды
Алдындағы асқа екеуі бас қойды.
Ажал ма, әлде, жағадан кеп жармасқан,
Алған асын жұтар-жұтып болмастан
Іші өртеніп,
Көзі аларып,
Қылғынып,
Екеуі де аунап жатты шыңғырып.
... Інісі де
көзін алтын арбаған,
Жол-жөнекей бір сұмдықты қамдаған:
Көкірегін жегідей жеп қу несіп,
Әлгі асқа әкелген-ді у қосып.
Қара жолдың кім өтпейді тұсынан? –
Айрап-жайрап жатты осылай үш ұлан.
Күні-түні тынымсыз ғой жол бойы,
Жолаушының кез болмақшы қандайы?
Тағы кімдер жалданбақшы жарқылға?
Тағы кімдер алданбақшы алтынға?..