10.09.2022
  116


Автор: Исраил Сапарбай

ӘДЕМІ

Қараңғы түскенде көз тігіп көкке мен,
Жұлдыздан сұраймын, бар ма деп дерегің.
Дейді ол ұялып, қысылып еппенен:
«Мен де оның дидарын түсімде көремін...
Түсімде көремін – ғажайып әр-өңі,
Бізден де әдемі, Айдан да әдемі!»
Ақ сүттей ұйыған Айдан да сұраймын:
«Қасыңда жоқ болса, қайда, – деп, –
шырайлым?»
Дейді ол тотыдай таранып толғана:
«Мен емес, жер-көкте ең сұлу сол ғана!
Құлпырып кететін күлгенде бар өңі,
Менен де әдемі ол, Күннен де әдемі!»
Шаштарын таранған сұраймын самалдан,
Жананым қайда деп, жақұттан жаралған?..
Дейді ол: «сол қызды мен де іздеп әлекпін,
Дерегі табылса, келеді жар еткім.
Жалғыз сәт жарқ еткен не деген жан еді?!
Айдан да әдемі, Күннен де әдемі!»
Күлімдеп нұр шашқан Күнге де тіл қаттым:
Қайда деп қырмызым, қайда деп қымбаттым?..
Ол айтты: «Білмедім, өңім бе, түсім бе..,
Ақ мамық жүр екен ақ бұлттың ішінде.
Шіркін-ай, көрген жан көркіне дәмелі –
Айдан да әдемі, менен де әдемі!..»
Ғашықтық, апыр-ай, айықпас дертім бе?
Қандай сыр бар еді көз тоймас көркіңде?
Шынында, сонша іңкәр болғанмын мен кімге?
Жүрегім еркіңде, тілегім еркіңде!
Шүбә жоқ ешқандай, мен сүйген жар өңі –
Айдан да әдемі, Күннен де әдемі!





Пікір жазу