10.09.2022
  159


Автор: Исраил Сапарбай

ПАЙҒАМБАР

Айдалада талып түс –
Қаймананың ісі не?
Алты қанат алып құс
Аян берді түсіме.
Өзіне тән бәйекпен
Тіл қатқанда тәтті үнмен,
Көзімді ашып жәй, еппен
Кірпігімді қақтым мен.
Қанатымен қымтанып,
Басын төмен игенде,
Қауырсынның бір талы
Құлағыма тигенде:
Жел-дауылды, жаңбырлы
Жер-дүние жаңғырды,
Тал бойыма әл кірді,
Тамырымда қан жүрді.
Жарық күннің жалт қарап,
Таңның кірпік қаққаны,
Періштенің ақ қанат
Ұшып бара жатқаны.
Ақ толқынның күрсіні,
Аппақ гүлдің бүршігі...
Енді бірде қан шеңгел
Шығармастан үнімді
Жұлып алды тілімді.
Ауызымның жыланы,
Сасық көлдің сазаны –
Онсыз да енді күнәлі,
Онсыз да еді жазалы...
Осы шығар өлген күн
Көктен зауал төнген күн?!
Әлеуетін шеңгелдің
Қалай білмей келгенмін?
Қақ жарылып қақпағы
Аяққаптай кеудемнің,
Жүрегім де жұлынды,
Көзім қайта жұмылды.
Өлі екенім белгісіз,
Тірі екенім белгісіз...
Ессіз-түссіз халімді
Шамалаңыз енді сіз.
(Қойсайшы бұл тағдырды!)
Айтса, адам сенгісіз,
Ғайыптан үн жаңғырды:
«Тұр орныңнан, Пайғамбар!
Тұр да мына жайды аңғар:
Саған медет тіледім:
Оят отты сөзіңмен
Қалғып-мүлгіп, көз ілген
Пенделердің жүрегін!!!»





Пікір жазу