10.09.2022
  103


Автор: Исраил Сапарбай

Қай көшеде әрлі-берлі лақпайын...

Қай көшеде әрлі-берлі лақпайын,
Қай есікті қаңғып келіп қақпайын,
Баласы көп қай аулаға соқпайын –
Тамыршыдай өзімді іздеп тапты ойым.
Ғұмыр шіркін білген бе еді аяңды,
Қанша бейбақ а-н-а-ау жақтан жай алды...
Кімге ажал, кімге тажал таянды –
Ол да бізге ай мен күндей аян-ды.
Солай, солай, ойлап тұрсаң, тап солай,
Жел мен құзға тұрғанымен әл бермей,
Еменің де еңсегей һәм қапсағай
Әлмағайып ғұмыр кешер дәл мендей!
Еріктен тыс еріп кетем тағы ойға,
Бүлдіршінмен отырсам да бала боп:
«Айналайын, алды-артыңа абайла,
Мынау өмір – бізден саған аманат».
Аңдып басып әр ізімді сұңғыла,
Ажал жетсе, кім бар оған қой деген?
Өтіп жатқан күнді, айды, жылды да
Ұзатып сап отырамын ойменен.
Қашан, қай күн кезігеді сол ажал,
Кең дүниені кезіп жүрген кезімде?
Жазиралы жат мекенді моладан
Өзімді іздеп таба алмаспын өзім де...
Сезімі жоқ семіп қалған сүйектің
Хал-қадірін әл жеткенше бақсам-ау.
Тым болмаса маған таныс жиектің
Пұшпағында пұшаймансыз жатсам-ау...





Пікір жазу