10.09.2022
  72


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Жершілін-ай маңғаздың

Жаздың алғаш кезі еді, келген орта жайлауға,
Көк қуалап төрт түлік көнбей жатты айдауға.
Кешке жақын өрістен әкелгенде малдарды,
Қара атанды көндірдік бұйдасынан байлауға.
Мал өріске беттеді сөгілгенде ала таң,
Жас құрақтар жабыла жайған сынды алақан.
Жұла тартып сілбісін мұрын жырып кетіпті,
Жоқ боп шықты орнында байлап қойған қара атан.
Жалғыз белгі шоқпардай қан ұйыған сілбеге,
Қандай қысау түсті екен мұрнын жырды бұл неге?
Аю, қасқыр тимеген тыныш өткен түн еді,
Қорашы ит те үрместен ұйықтап жатқан іргеде.
Барар жерді түгендеп ат зорығып сабылды,
Ғайып болып қара атан түгетті әбден сабырды.
Түсті үстіне бір күні өріс шалған шолғыншы,
Иен жатқан ел бармай, төр жайлаудан табылды.
Жатыр екен қара атан баяғы өз жұртында,
«Күрс-күрс» күйіс қайтарып, шөп толып тұр ұртында.
Іш жимайтын секілді тапқан соң өз мекенін,
Пұшырайып кеңсірік, бұзылғанға түр-тұлға.
Көш үстінде арттырған салтанатын сан жаздың,
Қайсарлығы етпеген қай уақытта жанды азғын.
Сағынғанда сар жұртын мұрын жыра бұйда үзген,
Қайтауылға салса да жершілін-ай маңғаздың.





Пікір жазу