10.09.2022
  70


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Сар даланың бөкендері

Суыт жүріп келе жатты сұлу мүсін бөкендер,
Аңсағаны анау жатқан туып-өскен мекен, жер.
Түгінен май шықса-дағы басқа жерді жатсынды,
Түбі пана болмайтындай бөтен адыр, бөтен бел.
Қаз мойынын көтергенде маңғаз кеуде керіліп,
Сыптығырдай сұңғақ бойдан әйгіленген серілік.
Аяқтарын әсем алып, аңди басып келеді.
Жүрегінен жетектейді алдағы бір өр үміт.
Бунақ, бедер қос мүйізі-бар қаруы көтерген.
Текелердің сүзісуден шекесінің еті өлген.
Елеңдейді құлақтары, жанарлары жаудырап,
Кесіп өтіп келе жатыр, төте ойпаттан, төте өрден.
Болмашы бір дыбысқа да селт етеді тұра қап,
Секемденіп, әлде бір жау шыға ма деп ұрандап.
Қауып барын сезінгенмен туған жерін қмайды,
Ол атадан бері қалған ең бағалы мұрағат.
Олар шұбап суыт жүріп мекеніне таяды,
Қара қостай андыз-андыз сексеуіл тұр баяғы.
Серке бөкен жан дәрменде бастап келед үйірін,
Оқ буыннан үзіп кеткен сүйретіліп аяғы.
Бір биікке шығып олар шолып еді жан-жақты,
Күздің желі үрлеп-үрлеп үстерінен шаң қақты.


Кеше ғана үркіп қашқан ізі жатыр жосылып,
Үстінде оның көп нүктедей тамшылаған қан жатты.
Қоңыр аңға қиянат қып қорықпаған күнадан,
Анау жерден оқ жаудырған, шыға келіп бір адам.
Бейғам аңқау бөкендердің зәре-құты қашқан-ды,
Қолды болып серіктері жараланып құлаған.
...Жо-жоқ, шын жау емес шығар, ұрынды ма жаңсаққа,
Қоңыр аңдық қоңыр мінез жүгірткендей әр саққа.
Серке бөкен сілейіп тұр бір төбеде көз салып,
Қарайды олар анау жерге шошынып та, аңсап та.
Анау жатқан бұдырмақты бұйраланған өрістен,
Бойларына күш жинайтын орғып өрден, еңістен.
Анау қойнау думандатып түскен жері үйірге,
Қоңыраулаған қоңыр күздің шаттығын бір бөліскен.
Анау жерде лақтары асыр салған секеңдеп,
Шуға түскен құзғынға да жүгіретін жетем деп.
Қыстың қыры батпайтындай жондарына май жинап,
Бүйірі өсіп, үйірі өсіп жататұғұн мекендеп.
Анау жатқан қара адырды-топырағы құнарлы,
Қаншалаған қоңыр аңдар қандарымен суарды.
Кең жайылым жатыр әне көзге оттай басылып,
Мұрын жарып жусан иісі қандыратын құмарды.
Бөкен үйірі солай тұрып, шарлай қарап мекенін,
Сезінді олар қай жағдайда қия алмайтын екенін.
Арт жағына қалдырды да бұрқ-бұрқ еткен ақ шаңды,
Тартты олар бетке ұстап қоңыр таудың етегін.
Кеше ғана шыбын жанын ала қашқан жер еді,
Бүгін қайта сол жерді аңсап арып-талып келеді.
Туған жерді жан-тәнімен сүю содан артылмас,
Сары дала, бөкендерің неткен сенімді ер еді!





Пікір жазу