10.09.2022
  88


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Бөрілі түнде жол жүрдім

Он сегізге енді келген қыз едім,
Кеудем асқақ өзімше бой түзедім.
Коммунаның қызыметкері болсам да,
Ата-ана деп өмешегімді үземін.
Қандай ыстық аттамаған босағам,
Қалай бармай өзімді өзім тоса алам.
Бара қалсам сағыныштың күйіне,
Құшағына ап шешем боздап қосады ән.
Бару керек ертең бір күн демалыс,
Аралығы жүз шақырым жер алыс.
Күн еңкейе түстім-дағы жұмыстан,
Атқа міндім ақпан айы сонар қыс.
Бар еді бір көк жорға атым меншікті,
Қатты желдім, сабындай боп тер шықты.
Таңбалыдан өте бере күн батып,
Қызыл шұнақ баяу ғана жел шықты.
Тас қараңғы, қар бозамық қырдасын,
Айырмайсың төмпешік пен жылғасын.
Талай жүрген таныс жолым болғасын,
Танып келем, әйтеу, жолдың сұлбасын.


Алғашқыдай ат жүрмеді арындап,
Қамшы басам сонсоң кейде қарымдап.
Жеткен кезде Тораттың сайына,
Үркектеді басты құмды ағынды ат.
Ат тігілген жаққа қарап тімтіндім,
Ұрысы көп сияқтанды бұл түннің.
Ұлып еді таяу жерден бір қасқыр,
Жан-жағымнан кетті шулап түр-түрлі үн.
Қасқырлардың көз оты екен білемін,
Ауызыма тығылды кеп жүрегім.
Еске түсті, құтылыпты біреулер,
Қасқырларды от шығарып түнегін.
Қоржынымда буда гәзет барлығы,
(Барлығы да заупанпайдың жарлығы).
Еске түсті шай, сіріңке алғаным,
Ширатқандай құтылар жол тарлығы.
Менің де отым болғанына шүкірлік,
Қалайда артық қашқындықтан бұл тірлік.
Бір тал газет әудем жерге жетеді,
Жаға-жаға оны-дағы бітірдік.
Енді қалған сіріңкенің шырпысын,
Жаға бердім жарқ еткендей түр-түсім.
Қасқыр үні қалған кезде алыста,
Ай да жарып шыға келді бұлт ішін.
Жеттім үйге, әйтеу, түзеп тынысты,
Түн ортасы, олар жайды ұғысты.
Шешем аптап жүрегімді балтамен,
Әкем маған даңғойсың деп ұрысты.
Әлі есімнен шықпайды, әйтеу, сол бір күн,
Зәрем ұшты, ат та, мен де болдырдым.


Мен өмірде әлі де сол сияқты,
Бөрілерді шуылдатып жол жүрдім.
Дей алмаймын ту бастан-ақ ер едім,
Елей-елей келем ойдың елегін,
Сол сияқты аңдығанмен алысып,
Жүрек отын бір сөндірмей келемін.





Пікір жазу