10.09.2022
  94


Автор: Нұрила Қызықанқызы

Алғашқы жүлде

Сәбилік шағың бал қылық,
Балтырды жүрдік талдырып.
Бір күні келді балалар,
Бәрі де бір-бір тал мініп.
Тұрғанда олар тізіліп,
Ойынға кеттім қызығып.
«Атым жоқ менің, ата» деп,
Бұртия қалдым бұзылып.
Төбеде тұрған күн қызып
Балалық деген тым қызық.
«Олармен жарыс» деді атам,
Таяғын ат қып мінгізіп.
Ойынның бәрін шын біліп,
Тастайтын болдық тындырып.
Қамшы үшін атам тағы да,
Берді бір қурай сындырып.
Зуладым «шу!» деп қалдым да,
Жамбасқа қамшы салдым да.
Желкілдеп ұзын тал құйрық,
Балалар барады алдымда.
Шынымен шауып кеттім-ау,
«Недеген жүйрік, – деп, – мынау».
«Ақшолақ атты» тебітіп,
Маңдайдан терді төктім-ау.
Ойқастап ой мен қырыңды,
Астымда «тұлпар» жұлынды.
Артымда қалды жете алмай,
Айдарлы менен тұлымды.


Шығыппын нарттай өңдене,
Мақтанбай қалам мен неге.
Өзгенің басып тал атын,
Таяқ ат жетіп көмбеге.
Қуаныш деген тым ерек,
«Бәйгеден келдім міне» деп.
Батасын берді сонда атам,
Отырған төрден түрегеп.





Пікір жазу