Дастарқан
Берекеге халықты шақыратын дастарқан,
Думан тоймен бір таңды атыратын дастарқан.
Сары қымызды сапырып, сарала ожау ойнатып,
Кәрі-жасты қызыққа батыратын дастарқан.
Қазы-қарта, жал-жая тартылатын дастарқан,
Ақ бата мен ақ тілек айтылатын дастарқан.
Жасымызды берсін деп аталар мен әжелер,
Ұрпағына сарқытын қалдыратын дастарқан.
Талай ойшыл данамен кеңестірген дастарқан,
Талай жақсы-жаманмен кездестірген дастарқан.
Орның бөлек құрметке сырың да бар, сының да,
Байлар менен кедейді теңестірген дастарқан.
Емеріліп, шеттері бүгілетін дастарқан,
Аят оқып абыздар жүгінетін дастарқан.
Сыбаға мен ерулік, тойға шашу көтеріп,
Арасына ауылдың жүргізетін дастарқан.
Алыс-жақын туыстың басын қосқан дастарқан,
Бір үй менен бір үйдің асын қосқан дастарқан.
Ат кекілін кесісіп араздасқан ағайын,
Сенен келіп дәм татып татуласқан дастарқан.
Жомарт үйдің төрінен жиылмаған дастарқан,
Шығайбайға шық бермес бұйырмаған дастарқан.
Дастарқаның мол болса, жұмысың да оңалад,
Деп әжелер ежелден ырымдаған дастарқан.
Кеңдігің мен пейіліңе мақтана алам дастарқан,
Дәстүріңде жарым ас сақтамаған дастарқан.
Қасиетің атар деп қадыр тұтып халқымыз,
Рұқсатсыз өзіңнен аттамаған дастарқан.
Ұлтымыздың сақтадың мол мұрасын дастарқан,
Құрғақ болсаң құрбыны қор қыласың дастарқан.
Топ ортаны қақ жарып, толып орын алғанда,
Ішпей-жемей көңілді тойдырасың дастарқан.
Сен жайылған ордадан сән кетпесін дастарқан,
Кең жайылған ортадан дән кетпесін дастарқан.
Ырыс тасып, құт қонып ынтымақты еліме,
Мән кетпесін өзіңнен, дән кетпесін дастарқан.