10.09.2022
  170


Автор: Үмітай Сәтжанқызы

Ошағыма Сіздерден от аламын

Төрімде Тұманбай, Мұхтар, Олжас, Қадыр,
Өздерің сусындайтын жыр бастауым,
Мұқағали жырымен мұңдаспын да,
Фаризаның жырымен сырлас жаным.
Қиянға қиялымды самғататын,
Сіздер менің табынған шын достарым!
Қалада, қалың халық арасында,
(Жақсы да, жақын да бар, жанашыр да).
Сонша адамның ішінде жалғызсырап
Жалтақтаймын мынасы, анасына.
Сосын келіп сіздермен кеңесемін,
Ем табардай жанымның жарасына.
Мұқа аға, жүрек жарды өз үніңді,
Тыңдап жатып ұнатам көз ілуді.
Түсімде жүздесем де, ал өмірде,
Тәңірім жазбаса да кезігуді.
Тебіренген телегей әсеріммен,
Сетінеген ширатам сезімімді!
Жабыққаным ғайып боп шаршағаным,
Табылғандай талайдан аңсағаным.
Олжастың ойлы жырын оқимын да,
Жұтқандай таңғы ауаны тамсанамын.
Құтқарған «полигоннан» Абай елін,
Ерлігіне ақынның қол соғамын.
Махаббаттың от ыстық құшағында,
Талықсып тәтті арманды құшарыңда.
«Бәрі жалған екен» деп Фаризажан,
Өкініш шырмалғаның құса мұңға.
Қиналғаның қия алмай кім болды екен?
Алматының кезекші ұшағында.


Ғаламат жырларың-ай, Қадыр аға,
Өртенген жанар таудай жалын аға.
«Халқым» деп тамырыңда тулайды екен,
Қарапайым қып-қызыл қаның, аға.
Рухың-жырың мәңгі бірге бізбен,
Жаннатта болсын асыл жаның, аға!
Қай орын, қайда отырсам, қайда барсам,
Қаңсиды кеудем, қазанша қайнамасам.
Лепіріп тебіренейін, Тұмаш аға,
«Самал болып жырыңмен аймаласаң»
«Ұялсам да» ұтпайтын сияқтанам,
Жануыштай жанымды қайрамасаң.
Нөсер жырдың нөпірі селдегенде,
Оңды-солды қолыңды сермегенде,
Зал толы жұрт дүр етіп тұрды орнынан,
Жыр-екпінің шығандап өрлегенде.
Көрер ме едім, кім білсін көрмес пе едім,
Мұхтар, сіз біздің елге келмегенде.
Биікте емес төменде, жотадамын,
Жоталаған жол танып бота-нарым.
Отынымды маздатып жағу үшін,
Ошағыма сіздерден от аламын.
Тілім көсеу, қаламым қара шөміш,
Ойды осылай қағазға қотарамын.





Пікір жазу