![](/uploads/shorttexts/author_image/fdgs.png)
Ару қыздарға!
Арулар - асыл қыздар, арман қыздар,
Жарқырап жұлдыздайын жанған қыздар.
Тотыдай мың түрленіп,
Мың түрленіп,
Бұлбұлдың әуеніне салған қыздар.
Ажары ақ жамбыдай күміс қыздар,
Жайдары жаны жібек пүліс қыздар.
Көктемдей гүлге ораған атырапты,
Он саусағы он кісі ырыс қыздар.
Төгілген сүмбіл шашы қара қыздар,
Қайраты, парасаты дара қыздар.
Елге елді, етекке жеңді қосқан,
Ерге серік, шаңыраққа пана қыздар.
Пана қыздар, болашақ ана қыздар,
Мейіріне қаласа жанар мұз-қар.
Ту етіп әдеп-иба, салт-дәстүрді,
Ұлт рухын өсірген дана қыздар.
Ата-анаға ат байлар өріс қыздар,
Мың жылдықтар орнығар қоныс қыздар.
Ғұмырды жалғар өсіп-өніп ұрпақ,
Қыздарсыз қалай осы ұлы іс тынар?!
Жаманатта күңірентіп салатын зар,
Жақсылықта тілінен бал ағызар.
Сүтпен кіріп сіңіскен сүйегіне,
Ағытқан жыр каусарын сара қыздар.
Сезімі шалқар теңіз ақын қыздар,
Адамдар жүрегіне жақын қыздар.
Қаламы мен қабілетін халқына арнап,
Елінің қамын жеген батыр қыздар.
Ерлерді ер қылатын егей қыздар,
(Ерлерді жер қылады кем ой қыздар).
Дана да, батыр, бағылан...алыптар да
Туғызған «ана» атты мерей қыздар.
Аналарға бар сыры аян қыздар,
Атанбас ұяты аз сабаз қыздар!
Ақ сертінен айнымай жар жолында
Жанын пида етеді баян қыздар.
Толықсып айдай толар айнам қыздар,
Қылықтары кейде оғаш...қайдам қыздар,?!
Жастықтың желігімен көрінгенге,
Еліктеп болып жүрме шайтан қыздар.
«Шайтан» болсаң жолың да қайқаң қыздар,
«Шайтандықтан» беу, қыздар, байқаңыздар!
Естерінде жүрсін деп бұл сөздерді,
Аналық парызым деп айтам қыздар.
Жеті ата аттап сақтаған қанын таза,
Жей біліп ұрпағының қамын да аса.
Ата-бабам иманы бекем болған
Ұстаған рухын, жанын, тәнін таза.
Әйгілер деп рухын жан болмысын,
Ұғу ғой осынау салт мәнісін.
Жалғасады сол салты аруымен,
Беу қыздар, салттан безбе, ет тағызым!
Тіл, дін, салтпен ұлт болып саналар ел,
«Арымнан жаным, сірә, садаға» дер.
Арулары салтынан безіп жатса,
Санатынан айрылмай қала ма ел?!
Сондықтан бұл өмірдің дәні қыздар,
Сендермен артады өмір мәні қыздар.
Өмірдің мәнін, сәнін келтіретін,
Пәк, таза ар иманың, жаным қыздар!
Ашық-шашық киінсең тәнді ашып,
Елдің салтын, арудың сәнін бұзар.
Қос бұрымдар өрілген қандай әсем,
(Бұлаң етсе көзіңді салмай көр сен)...
Шаш кесу,
Шашық жүру жарамайды.
«Сау болсам баста бағым жанғай!» десең.
Шаш- қымбат сый,
Сыйдан безсең,
Көркің кеміп, кетпей ме қалайда есең...
«Қыздың жолы жіңішке» дейді халық,
«Қырық үйден тыйым» бар санай берсең.
Сондықтан ойлан-ойлан бәрін, қыздар,
Сынбасын әр қашанда сағың, қыздар.
Таудай талант, асыл жар, қайырлы ұрпақ,
Беріп алла жанса екен бағың, қыздар.
Беу, қыздар жарқылдаған алтын қыздар,
Алтынның білер жұртың нарқын, қыздар.
Мысқа айналып жұқтырмай татын, қыздар,
Сақтаса екен қасиетін, даңқын, қыздар.
Көбейсін алтын қыздар, ару қыздар,
Жанға шипа қолдары дәру қыздар!
Түзейтін ердің басын, елдің салтын,
Азаматтар сендерге зәру қыздар.
Көбейсін ары аппақ күміс қыздар,
Он саусағы он кісі осы қыздар.
Ұлты, елі үшін жаралған тома-арыстай,
Керек-ақ мұраты асқан құрыш қыздар.