10.09.2022
  184


Автор: Исраил Сапарбай

Есімде әлі таңғажайып сол бір сәт...

Есімде әлі таңғажайып сол бір сәт:
Ғайып жақтан келдіңіз-ау, сірә, сіз...
Бой талдырар тәтті елестей мөлдір шақ,
Шықтай таза шырайлы жүз күнәсіз.
Әл-дәрменсіз алмағайып күрсінмен
Мезі тірлік, меңдеткенде пенделік,
Үлбір үнді тілдескендей тылсыммен,
Түсіме де жүрдің ылғи сен келіп...
Жылдар өтті. Алай-түлей дүрбелең
Ұясына жаудай тиді үміттің...
Сенің үлбір үніңменен бірге мен
Періште өңді бейнеңді де ұмыттым.
Бұлың бұлдыр, алдарқатпа, анықсыз
Бұлттан сауып су ішкендей бұл көңіл..,
Бағытсыз да, парықсыз да, шабытсыз
Өлексе өмір өтіп жатты күндерім.
Жанға жалау, дәтке қуат, көңілге ем:
Міне, алдымнан тап болдыңыз тағы сіз,
Тәтті елестей ілуде бір көрінген
Тәнтіліктің нәрісіз һәм әрісіз!
Жүрек емім... таба алмаған жан адам,
Махаббатым – бақытыма балаған,
Тәңірім де, өмірім де қалаған,
Бәрі, бәрі қайта оралды жаңадан!..





Пікір жазу