ШЕГІРТКЕ
Жаратқанның жай күні
Шегірткенің айғыры
ұшып келіп алдыма
ниетімді көргелі
«Маған тамақ бер» – деді.
Емеспін ғой кембағал,
Көне кеттім мен де оған.
«Тамақ болса керегің –
Қалағаның же» – дедім.
Қаймақ қосып сүт бердім,
Аш қалмауын құп көрдім.
Шекер қосып бал бердім,
Бойына күш, әл бердім.
Қалағанын жегіздім,
«Тойдым, болдым» дегіздім.
Ешкім де ойлап таппаған
Ешкім әлі татпаған
(Берер мұны кім жырлап?)
Дәм ұсындым бір жұмбақ,
Қандай тамақ, қандай дәм?
Айта алам ба, әй, қайдам!..
Асқа тойып алған соң,
Сусыныма қанған соң,
Әлгі менің шегірткем
дей көрмеңдер: «Неліктен?»
Таңдай қағып, таңданып,
Көз алдымда қоңданып,
Мойны алтын жалданып,
Арғымаққа айналып,
Аппақ қанат байланып,
Шыға келсе болар ма?!
Көркіне көз қанар ма?!
«Шу» дей қалсаң табанда,
Дайын-ақ тұр шабарға.
Сүмбіл сұлу мүсінді,
Сұңғыладай пішімді
Самұрықтай құсыңды
Есіме анық түсірді.
Айтып-айтпай не керек –
Тұлпарым тұр керемет!
Іздегенім табылды,
Сынайын бір бағымды.
Белімді шарт буайын,
Қиял құсын қуайын.
Етек-жеңім түрейін,
Тұлпарыма мінейін.
Ұзақ жолға жүрейін,
Әлем сырын білейін.
Нені көрсем, назарға
соның бәрін ілейін.
Қарғып міндім атыма,
Аса жүйрік затыма.
Өзім менен дүлдүлге
азық алдым бір күнге.
Бес қаруды сайладым,
Белге қылыш байладым.
Алдаспанды тағындым,
Ақсауытқа малындым.
Өткір найза қолға алдым,
Қас батырша қамдандым.
Дедім-дағы: «Бұл – нәсіп»,
Бал ара алдым бір жәшік.
Бір қолымда қалқаным,
Астымда асау тарпаңым.
Ешкім әлі жетпеген
ұшып келем көкте мен.
Калемегданадан бөліне,
Шыңғысханның еліне,
Одан әрі – Тунгусқа
жедел жетіп үлгердім
уақытта тым қысқа.
Жерді анық көрем деп,
Зеңгір көктен төмендеп,
Жан-жағыма қараймын
Екі көзім елеңдеп.
Бұлдыр-бұлдыр бу қалды,
Сылдыр-сылдыр су қалды,
Қалың жыныс, ну қалды.
Көк жамбыдай көл қалды,
Асу-асу бел қалды,
Ойдым-ойдым жер қалды,
Ауыл-ауыл ел қалды,
Арқандайын шұбалып,
Өзен қалды бұралып.
Маған ғажап күш бітті –
Елемеймін ыстықты.
Маған ғажап әл бітті –
Бағынардай бар мықты.
Аспан жақтан әудемде
Жерге қона бергенде,
Бір жолбарыс «құрбанын»
Көрдім аңдып тұрғанын.
Жалы жақұт жанатты
Тұлпарымнан қанатты
Құтылады қашып кім? –
Арашаға асықтым.
Бал арасын ұшырдым,
Жерге атымды түсірдім.
«Жолбарысты шақ!» – дедім,
«Жонарқасын тап» – дедім.
Дегеннен соң: «Қонбай ұш!»,
Аянсын ба ол байғұс:
Жар бола алмай жарқамыс,
Жанталасты жолбарыс.
Азат болған аң байғұс
Дегендей «бұл қандай күш?»,
Жаутаң қағып, жан бағып
Қарап тұрды таңданып...
Көріп қалдым алыстан:
Аң патшасы – Арыстан
Басы тасқа тіреліп
Ұйықтап жатты шіреніп.
Тасқа таңып құйрығын,
Тартып қалдым милығын.
Мыңқ етпеген шіркіннің
мұртын да ұстап, түртіндім.
Арыстан да айныпты –
Қарсы келмей қаймықты.
Мұны көріп аң, құстар –
Азар болған байғұстар
Жоғалғаны табылып,
Аунап-қунап мәз болды.
Жүректері жарылып
кетуге де аз қалды.
Айдынына сағынып
Аққу менен қаз қонды.
Шықылықтап құс біткен
қайта оралды түстіктен.
Жолын кесіп ылаңның,
Табаныма таптаймын.
Өрмелеген жыланның
құйрығына от қойдым.
Ұясынан Күн шығып,
Қайта қунап тіршілік,
Маңайдағы бар құсың
айтып жатты алғысын.
Қалады екен қай тұсты?
Аспанға атым қайта ұшты.
Тұрды алдымда екі елі
Йетидің мекені.
Ұшатындар табақпен
Тұрған шақта қарап мен,
Байқады ма шамамды,
Ізім-қайым жоғалды.
Ойламаған, сірә, мен
Ашылды алдан бір әлем.
Менен өзге ол жайды
кімдер естіп, болжайды?
Мики менен Пайяны,
Кім көреді Райяны?
Ұқсайтұғын әманда
Аңыздағы адамға
Баш Челик те бар онда.
Мандрака, Дабаны,
Гордон Флаш ағаны,
Гулливердей алыпты..,
Көрдім басқа халықты.
Айдары асып Тунгустың,
Аспан кездім, Күн құштым.
Ғажап екен бұл ара:
Мұздан соққан мұнара,
Жанарыңа жай тастар
Жалт-жұлт еткен жартастар.
Нақ төрінде аспанның –
Алтын нұрын шашқан Күн!
Сол бір Күннің қасында,
Құздың ұшар басында,
Мықты болсаң, ұстап ал –
Йети жүр күстабан.
Жамылғандай теріні,
Қалың екен еріні.
Қас батырдай киелі.
Ірі екен сүйегі.
Үрейлі екен елесі,
Жүндес екен денесі.
Қаймығатын мен бе едім,
Қас батырдан кем бе едім?!
Айбат шегіп, айқайлап:
«Ал, кәнеки, кел!» – дедім.
Алар екен кімді кім?
Айту қиын күн бұрын.
Йетидің алдынан
Ағып өтті дүлдүлім.
Йетидің жоқ есі –
Кезіккенде келесі,
Жекпе-жекке жарамай,
Алды-артына қарамай,
Есіл-дерті орман боп,
Безіп берді қорбаңдап.
Үстем болып мерейім,
Тағы кім бар, көрейін,
Дедім де атты тебіндім,
Күнге қарай еміндім.
Күнге жете бергенде,
Бір ғажапты көргенде,
Іркіп қалдым ат басын:
Құдай өзі сақтасын,
Адамға ұқсас жандарды
атым бұрын аңғарды.
Еркек пе, әлде әйел ме?
Тап болып ем қай елге?
Марстан ба, Айдан ба –
Тап болып ем қай маңға?
Іздегенім осы ма,
Қалай барам қасына?
Тездеп хабар алмаққа
жәшік толы араны
жамыраттым жан-жаққа.
Бірте-бірте атыммен
келе бердім жақын мен.
Жақындауым құрысын,
Тарылғандай тынысым,
Тұқылданып найза ұшы,
Қақ бөлінді қылышым.
Әлі күнге аң-таңмын –
Кетті балқып қалқаным!
Оңымнан кеп, солымнан
Ұстағанда қолымнан,
Жас баладай үн-түнсіз
ере бердім соңынан.
Ұрмады да соқпады,
Ұшқыш Табақ алдына
мені әкеліп тоқтады.
Ішіне ептеп үңілдім,
Үңілдім де түңілдім.
Үй-табақтың ішінен
ұшып жүрген жан көрдім,
Көргеніме мән бердім.
Неткен әлі балғын ем,
Көк балауса шалғын ем?..
Көз алдымда алдымен –
Ұшып жүрген жан кілең.
Ұзап кетті-ау әңгімем,
Аттамаған алажіп
Жанға, білсең, Тән – азық.
Содан ба екен, бұл Өмір
Көрген емес әлі азып.
Бір ғажайып күй арбап,
Тұрғанымда қиялдап,
Жалт-жұлт етіп жан-жағы
Жұмақжайға алдағы
әлгі табақ самғады.
Жақын ба, әлде жырақ па?
Арман ба, әлде мұрат па?..
Қапталдасып, қалыспай,
Біз де жеттік Жұмаққа.
Кірер ме едім ішіне,
Қарайды-ау өң, түсіме.
Аша қояр деймісің
Есігін жат кісіге.
Кірер болсам мына мен,
«Пайғамбарлар қайда?» – деп
Алдыменен сұрар ем.
Жайнап-ақ тұр алдымда
Маған жұмбақ бір әлем,
Иисус, Будда, Моисей,
Мұхаммед те осында.
Қай пендесін тосуда?
Қайран басым, расында,
Тап келіп тұр тосынға.
Етсем деп ем мінәжат,
Қайсысына? – Міне, азап!
Қай жұмаққа тап келдім?
Белгісіз-ау, әттең, бұл.
Қиын болды-ау мұнысы,
Меніңше, ең дұрысы –
Бір пәлеге ұрынбай,
Бәріне де бірыңғай
кіріп шыққан жөн болар.
Бәлкім, жайым оңдалар.
Кенет зәре-құтымды ап,
Ашылды есік сықырлап.
Періштелер – бір жақта.
Жын-шайтандар – бір жақта.
Бірін-бірі жеңе алмай,
Бірін-бірі көре алмай,
Улап-шулап жүр бақта.
Тап болғандай жайым бар
тағы да бір жұмбаққа.
Қай жағына барайын,
Қай жағында қалайын?
Елер емес кімсің деп,
Ығы-жығы маңайым.
Шаруасы жоқ менімен,
Әркім жүр өз жөнімен,
«Мынау өлі, тірі» – деп
Көз тоқтатқан бірі жоқ.
Тағатымнан айрылдым,
Қапаландым, қайғырдым.
Бұл дүниеде кім кімге
керек дейсің бұл күнде?
Ұштым қайта аспанға
дүлдүліме міндім де.
Шарлап-шарлап көк төрін,
Үйге қарай беттедім.
Жерге қонып таң алды,
Тұлпарым да дем алды.
Бозторғайдың шыр-шыры,
Боз даланың шымшығы...
Боз көдеден бусанған
Бытпылдықтың ыршуы...
Бәрінен де айтсайшы,
Ата қораз – әншіні!
Ана тауық – жыршыны!
Жерде екен ғой жұмағым
Елде екен ғой құмарым!
Ұйқы қысып бір шырын,
Төсегіме құладым.
Ұйқы шіркін қанбай ма,
Күн түскенде маңдайға?
Амброзия
құйылып,
Жатқандайын өн-бойға,
Ұйқысымен алыптың
жеңілденіп қалыппын.
Болдым десем жырақта,
Қондым десем жұмаққа,
Кім біледі, ерсілеу
естіле ме құлаққа!
Ер қанаты – дүлдүлге
ер салмай-ақ міндім де,
Құнсыз, пұлсыз, теп-тегін
көрдім десем көк төрін,
Сене ме жұрт, сенбей ме?
Бір ноқаты кем дей ме?
Сау болсам да емдей ме?..