10.09.2022
  112


Автор: Исраил Сапарбай

ШАРВАР ЛАГЕРІНЕН ҚАШУ

Олар он екі еді.
Бір-бірінен ұзап шықпай, амалдап,
Бүгін олар алыс жаққа жол алмақ.
Алдарында атамекен – ұлы ана,
Ұйқы көрмей күтіп отыр алаңдап.
Күтіп отыр арда мекен, жан мекен,
Суы, дәмі шекер менен балға тең.
Одан асқан қасиетті топырақ,
Одан асқақ айбынды өлке бар ма екен?!
Олар құйттай ұлдары еді сол маңның,
Қапелімде адастырды жолдан кім?
Жапа шеккен жүректері – қан жоса,
Жазығы жоқ жанарлары – толған мұң...
Аспан жаққа алтын сарай салғандай
Сол өлкеде туушы еді Ай қандай?!
Жұмақ қызы көзін ашып-жұмғандай?!
Сол өлкеде шығушы еді Күн қандай?!
Сол Күн қайтып көрінер ме көзге енді? –
Басты тігіп бақ сынайтын кез келді!
Қарлығашы ұя салған дәлізге
Ошағыңды, отың болса, ал, ізде!
Қара күзде қалған шығар қақ тұнып
Бала кезің ойнақ салған әр ізде...
...Аз ба күнің жалаңаяқ жар басқан,
Есірік жел етегіңе жармасқан?..
Жеміс теріп,
егін жинап,
мал бағып,
Тіршіліктің төрт мезгілі жалғасқан.
Қоңыр кеште – қыстыгүні түн ұзақ,
Үйден шыға қоюшы еді кім ұзап?
Күш беретін қарт шайырдың аңызы,
Түске енетін түні бойы жылы жақ...
Қалғи берсе қақтап бұтын қарт отқа,
Жастар жағы бөлінетін әр топқа.
Ал балалар ұйқтайтұғын томпиып
Тойып алып шала піскен картопқа.
Ертеңгі өмір кімге елес, кімге айқын?
Келе бермес ойлы, мұңлы мұндай түн:
Ән-әуенді әспеттеген сырлы саз
Таң атқанша тамылжитын, тынбайтын.
Торсық шеке торай біткен шиқандай
Әй, қиқар ғой, жем бермесе, қиқар ғой.
Қаз да көлден қайтушы еді-ау мамырлап,
Үйге оралған шаруақор диқандай.
Тар қорадан өріс іздеп кеңірек
Сиырлар да шығушы еді-ау мөңіреп.
Бала біткен алаңқайда бас қосып,
Улап-шулап жатушы еді-ау төңірек.
Жалаңаяқ, жалаң бұт сол балалар
Ебі келсе, сыбағасын мол қармар.
Оларға түк бола алмайтын кедергі
Бақан бойлы бау-шарбақтар, қорғандар...
Олар он екі еді...
Бас құраған әр селодан, әр маңнан,
Жапа шеккен,
Әзер-әзер жан қалған.
Енді, міне, тәуекелге бел байлап,
Қашамыз деп тор мен сордан қарманған.
Өзгеге өзін бере қоймас өр кеуде
Ар-намысты ақ бесікте тербеуде.
Тар қыспақты – тор қыспақты қоршаған
Ант етіскен енді қайтып көрмеуге!
Самғау үшін қанат керек қыранға!
Талмау үшін талап керек ұланға!
Ер азамат алған беттен қайтар ма,
Жетер жерге жетпей жігіт тынар ма?!
Болашағын,
Күреспесе, кім көрер?
Әрбір жеңіс құрбан берер, құн берер...
Қайдағыны ойламайды қамығып,
Тәуекелдің майданына кірген ер!
Атамекен бауырына тартқанда,
Қаймықпайды ол тәңірден де, тақтан да.
Тасынады тамырдағы қан лықсып,
Асығады арман жүзді ақ таңға.
Өз тағдырын өз қолына нық ұстап,
Қаспен қасша, доспен досша ұғыспақ,
Жатпен жатша жағаласып, күн жазса,
Жаумен жауша жан аямай жұлыспақ!
Ажалыңды мысқылдайтын мазақ қып
Мінездері ғажап мінсіз, ғажап тік.
Көксегені – Атамекен, арда өлке,
Аңсағаны – айбозымдай Азаттық!
Баз біреуше бақыт іздеп, бас қамдап,
Құр қиялды жүрген де жоқ бос қармап.
Торды бұзып, тас түнекті талқандап,
Азаттыққа ұмтылды олар, қашқан жоқ!
Ажалменен шыққандарға бәстесіп
Түн тылсымы үнсіз-түнсіз ашты есік.
Әр жүректен шыққан ұшқын мұндайда
кететіндей тау қопарып, тас тесіп!
Әке қалды,
Арттарында жар қалды,
Тағдыр жолы тәуекелге жалғанды.
Тошков сынды әкені іздеп арманда
жалғыз қызы жанталасты, қарманды.
Махаббаты – жалғыз ғана жан серік
Қаршадай қыз жүр қайғыны еңсеріп
Темір тордың қалды ішінде қамығып
Қанша үміт,
Қаншама арман,
Қанша ерік...
Бозымы бар,
Кәрісі бар,
Жасы бар –
Жапа шегіп жатқан жандар осылар.
Алдарында не күтіп тұр?
Кім білген...
Алданыштың аяғы жоқ, басы бар.
Ол алданыш –
Бәр-бәрінің ұққаны –
Он екінің тордан аман шыққаны.
Елге қарай бет алғаны елеусіз
Түн ішінде жазылмастан жұптары.
Тордан аман шықтың екен – ұстатпа,
Тұтқындардан сәлем жеткіз қыстаққа.
Былай шыға ақылдасып, кеңесіп
Бөлінді олар үш бағытқа, үш топқа.
Үш топтың да нысанасы – түстік жақ.
Сапар ұзақ,
Тамақ – тапшы,
Күш – қымбат.
Есі-дерті – жетсек дейді елге есен,
Көздерінде үміт шоғы ұшқындап.
Қаламыз ба дегендейін жүздесіп,
Қуғыншы да болар емес із кесіп.
Аяқ бассаң, «айқайлайды» құрғақ шөп,
«Іздегенің, ей, қуғыншы, біз» – десіп.
Мұндай кезде келіс, мейлің, келіспе,
Кіріп кетер қайта шыққан дем ішке.
Тына қалып тың тыңдайтын тым-тырыс
Жер таппайсың тегісте де, еңісте.
Одан әрі – өршіл өзен, ну орман,
Кес-кестейді жолда бұта қуарған.
Өлмегенге – тамыр талшық тарамыс,
Шөлдегенге – күндіз-түні су арман.
Қоңыр түннің мақпал қойны маужырап,
Көк мұнардан көрінбейді тау жырақ.
Ел шетіне енді қашан жетем деп
Ұйқылы-ояу аяңдайсың қалжырап.
Күндерге күн,
Қосылғандай айға апта,
Жалғыз сәтке мүлгіп алар жай жоқ па?
Орман қалды.
Жол жалғасы үзілді,
Баратын жер,
Басатын тау қай жақта?
Білместіктің соңы өкініш, сор болмақ,
Алды-артыңды алар шырмап тор қармап.
Алдайтынын білсең сағым, елестің,
Таңдайтұғын сенде жалғыз жол қалмақ.
Ақ сағымға алаң болма алданып,
Сол жолмен жүр қадам басып алға нық.
Кеудеңдегі өшіп-жанған бір білтең
Қайта лаулап, болғанынша жап-жарық!
Өзді-өзіңді бұл сапарға көндірдің,
Тұнып, тынып жатса іште мөлдір мұң.
Қайық жалдап Драведен әрі өтіп,
Үйіне де түнедіңдер венгрдің.
Кімге опа берер дейсің бұл ғалам,
Ер жігіттің еркіндігін ұрлаған.
Қастандықтың қолы қандай ұп-ұзын,
Бостандықтың жолы қандай шырғалаң?..
Бақытқа қол ұмсынатын кез де бар,
Қыл көпірде қырсығатын кез де бар.
Қайық жалдап өткенімен өзеннен,
Бір сұмдықтың болатынын сезді олар.
Қуғыншылар, бәлкім, аз, я көп болар,
Түн қойнынан қараң-құраң өтті олар.
Түгі де жоқ аш-жалаңаш алтаудың,
Ал оларда қару да бар, оқ та бар.
Ауаның да бұзылғандай түс-өңі,
Қара жерге қар қылаулап түседі.
Алған беттен қайтпас ерлер қашанда
Қан майданда шыңдалады, піседі!
Қолда бары – аз ғана азық, аз ғана оқ,
Қара жерге қалқиды қар боз қанат...
Он екінің тілектері табысып,
Он екінің жүректері маздамақ!
Солай, солай,
Шегінерге жоқ айла,
Қарулымен қақтығысу оңай ма?!
Айласы көп қуғыншыдан құтылып,
Алға қарай аттау керек қалайда!
Тошков Бошко қалды құлап оқпанға,
Қаңғып келіп тиген екен оқ қолға.
Кестірмеді қолын бірақ сабазың,
Қапылыста түскенімен қақпанға.
Савич Иова... Ол да қалды бір белде,
Жанталаса жағаласып жүргенде.
Аңыздағы қас батырдан аумайтын
Қан майданға қаһар шашып кіргенде.
Қазанында қайнап пісер қамсыздың
Жүрмейтұғын жері бар ма жансыздың? –
Ақымақтан пайдасы артық аңқаудың,
Ақылдыдан айласы артық арсыздың.
– Бұл жолы да солай болды, бар ма амал,
Жарты жолда қалды үзіліп арман – ән...
Азаматтың жаны қайтіп тірілер?
Азаттықтың жолы қайтіп жалғанар?..
– Құдай неге оңғармады талапты?
Қара жерге қар аралас қан ақты...
Омырауын қанға бояп қып-қызыл
Көкжиекке Күн де батып баратты...
Көктем мен Жаз қол ұстасып келгенде,
Әр жыл сайын гүл өседі сол жерде.
Түседі еске қайран ерлер бір-бірлеп,
Шымқай қызыл қызғалдақты көргенде.
Сол бір гүлдер... – Шашыраған қан ба әлде?
Дара жолда қан аралас қалған не?
Туған жерге қан мен терің тамшылап,
Туған жерде гүлдеп тұрсаң, арман не?!





Пікір жазу