МИША АҒАЙДЫҢ САБАҒЫ
Көктемгі кеш болды деп,
Қала ішіне қараңғылық қонды кеп.
Біз отырмыз қарап қойып сағатқа,
Сәлден кейін басталады сабақ та.
Ол сұрайды мені тағы жоқ па деп,
«Кеше біздер қай жерге кеп тоқтап ек?»
Айтып ауыз жиғанша, әне, есіктен
енді ұстаз да
сыңайы бар кешіккен.
Келген бойда (біздің ұстаз бұл кісі)
Тапсырманы келді білем білгісі,
Алдындағы кітапты ашып тастады,
Кешегіні қайта сұрай бастады.
Біреу біліп,
Біреу күліп жақ ашпай,
Әңгімеміз бара жатты жараспай.
Мұндай кезде реніш көп, өкпе көп,
Қарт қарайды «білетін жан жоқ па?» – деп.
Біз отырмыз мүдіріп те кідіріп,
Қиялымыз әлдеқайда қыдырып.
Біздің қария мінезге бай, мінезге,
Ренжуін қоя қойып лезде,
Әкеміздей елжірейді жаны еріп,
Жанымызға жақсылықтан дән егіп.
Білген жанға бұл – өнеге, бұл – емдеу,
Енді бірде басталады түгендеу:
– Марко, Лиляна, Боро, Лео!..
– Бәр-бәріміз, – деп, – осында отырмыз,
Жан-жақтан кеп жамырасып жатырмыз.
Ұстаз бізді жатқан кезде тәртіптеп,
Көк пальтолы бір қыз тұрды артық боп.
– «Романистка»
емеспісің, атың кім?
Неге адасып, неге мұнда шатылдың?
– Иә, солай. Келіп едім мен қеше,
– Бұл тізімде неге жоқсың ендеше?
– Шәкіртіңіз тым көп екен менсіз де,
Тіркелуді деп ойлап ем жөнсіз бе...
Аз тыныштық.
– Айналайын, ал, Ката,
Кешегіні пысықтай ғой тарқата?
«Кварум сакра феро ингенти перкусус
аморе...»
– «Романисткаға» ұқсамайсың сен мүлде!
Айтшы, бізге әлде адасып келдің бе?
Өзің неткен дым білмессің, пақырсың?
Бұл түріңмен әлі жүз жыл оқырсың.
Берекең жоқ, түйсік түгіл, дымың жоқ,
Ата-анаңды жүрсің босқа шығындап.
Істемейтін болса егерде миың түк,
Бұдан гөрі қаз асыра, киім тік...
– Мара!
– Дімкәстау...
– Роза!
– Ол да соған ұқсастау...
– Юлка! Кәне, жіктей қойшы «Диесті»?3
– Диес, дие... – деді де оның үні өшті.
– Білмей жатып сөздің ақ пен қарасын,
Қайда лағып, қайда қаңғып барасың?
Не, сен мұнда қарға аулауға келіп пе ең?
Саған босқа жүр екем ғой сеніп мен.
Одан гөрі... Тыңдасамшы Катаны,
Әлдеқайда әнді, мәнді мақамы.
...Шу мен дабыр құлақ қабын жарады,
Миша ағайдың жалғасады сабағы.
– Ағай, сағат жеті жарым боп қалды!
Сабағымыз осы арада тоқталды.
Аман-есен құтылғандай бір сыннан,
Бізді айтсаңшы қуанысқан, құлшынған!
– Ал, жігіттер, жіберіңдер бізді алға!
– Қауымдаса қалсын, кәне, қыздар да!
Қайда, әлгі тапсырманы талдайық,
Ұстазға ертең ұятты боп қалмайық.