ПАНТА РЕИ
Қандай ғажап бұл әлем?!
Жаратылыс орманы,
Адамзаттың арманы,
Ата-баба қорғаны..,
Қозғалыста бәр-бәрі.
Туасың да өлесің,
Өлесің де туасың.
Бәр-бәріне сенесің,
Бәр-бәріне куәсің.
Әрі қысқа, әрі ұзын
Өмір – тәтті аңызым.
Алуан-алуан тағдырлы
оның сыры сан қырлы.
Жаратылыс дегенің –
Өсіп-өну, кемелің.
Өсімдік те, жәндік те
үйреніскен кеңдікке.
Қар да, мұз да, шық та анау
Бір-бірінен шыққан-ау!..
Тіршіліктің әр заты –
Бір-бірінің зәузаты.
Бір-бірімен барабар,
Бір-біріне керағар.
Әлемдегі заңдылық –
Бәрі өзгерер, жаңарар.
Жаратылыс дейтұғын
Біз білетін ұлы бар.
Тұрқы мықты болғанмен,
Бейнесі сан құбылар.
Өлген өшіп кетпейді,
Өнген – өсіп, көктейді.
Ядро бар атомда,
Айналады атомды
электрондай затың да.
Айың да анау ұйқы емген
Жерді айналып, сүйкенген.
Жұмыр Жер де әуелгі –
Күнге әркез тәуелді.
Қара аспанда шұрқ тесік
«Жұлдыз» деген жұрт көшіп..,
Күн шұғылалы, шұрайлы
Галактика құрайды.
Бұл тұңғиық ғаламның
ішінен не табармын?
Жұлдыздарға жан беріп,
Жатыр ма өзі мәңгі өліп?
Жұлдыз – оның бөбегі,
Таусылған соң қорегі
Иә, ол рас, өледі...
Сол ма бізге керегі?
Анық-қанық дерегі:
Жатырында жалғанның
Өмір өне береді!
Өмір деген – мына біз,
Өлі тірлік, тірі аңыз...
Көп пе, әлде аз ба күн,
Біз көреміз тағдырдың
пешенеге жазғанын.
Тылсым әлем, тылсым көк:
«Бізге үңілер кімсің?» –деп.
Көкке көзді сүзгенде,
Сұрақ туар бізден де.
Бірақ біздер пайымсыз.
Тым балаңбыз уайымсыз.
Түсінбейміз көк тілін:
Қара бұлттың оқтығын,
Жанартаудың шоқтығын,
Жұлдыздардың көптігін...
Магниттің өрісін,
Электрдің желісін,
Дүниенің кемісін,
Тіршіліктің терісін...
Мынау жарық жалғанда
Бола ма ұя тән жанға?
Тәнге жарық түсе ме,
Жанда жарық жанғанда?..
Электрдің күш-әлі
қашан бойдан ұшады?
Болмаса егер әл бойда,
Өмір сөніп қалмай ма?
Күннің магнит өрісін
айналыста Жер кесер.
Өлім, өмір осылай
Бір-бірімен селбесер.
Дүниенің жарығы –
Бәрімізге несібе.
Ал, шәкіртім, ендеше,
Қарап тұрсың несіне?
Қаламыңды, ал, ұшта,
Қатарыңнан қалыспа,
Назарың сал алысқа.
Апа, құдай қолдаса,
Жыламассың сен де аса.
Құны қымбат қалам бұл,
Сырын шертер ғаламның.
...Тән жуылар терменен,
Су жайылар жерменен.
Су тазарып оралар,
Өмір қайта жаңарар.