10.09.2022
  142


Автор: Исраил Сапарбай

АРА ЖЫРЫ

Мен – арамын, арамын,
Гүлден гүлге қонамын,
Шырын балын сорамын,
Асыл нәрін аламын.
Қамын ойлап үй-жайдың,
Қыс азығын жинаймын.
Тергенімді тірнектеп
Адам, саған сыйлаймын!
Түнде көзімді ілмеймін,
Демалуды білмеймін.
Соқтықпаса өзі кеп,
Мен ешкімге тимеймін.
Дәріммен де, нәріммен
Дос бола алам бәріңмен.
Балым ауру-сырқауды
қуып шығар тәніңнен.
Әй, ағайын,
Әй, досым,
Тіл қатсаңшы, қайдасың?
Маған қамқор болған жан
Менен көрер пайдасын.
Мен – жұмыскер, мен – іскер,
Мұнымды кім теріс дер?
Бал жинайын шарқ ұрып,
Өміріме өріс бер!
Айналайын, ақылшым,
Ал сен не істеп жатырсың?
Қаруың не қайдағы,
Аяр ма едің айлалы?
Санатың мен сананың
осы ма еді байламы?
Кімнен қорқып қорғандың?
Керегі не бомбаңның?
Онсыз да бұл тіршілік –
Толған қайғы, толған мұң...
Қайда ақылың, қайда есің?
Салмағыңа сай көсіл.
Сара топтың алдында
санаң шығып сөйлесін!
Сен – адамсың,
ал адам
ойлау керек жаңадан.
Менің балым – сан ғасыр
сенің өмір жалғасың.
Күліп шыққан Күн кенет
Гүлдей солып қалмасын.
Ішінде өрт пен жалынның
Қажеті не балымның?
Ей, адамзат, есің жи,
Ақылыңа бағынғын!
Таң мезгілмен атсын да,
Күн мезгілмен батсын да.
Жаманың да, жақсың да
Біздер ғұрлы жоқсың ба?!
Сан қиянат, сан күнәң
шығар бір күн алдыңнан.
Білем, көзсіз батырсың,
Соны сезіп бұл күнде
жанталасып жатырсың.
Көк пен жерде ерегес,
Қуалап жүр сені елес.
Құтқара алмас атомың,
«Өлім» болар аты оның.
Әр бұрыш пен әр тұйық
қарақшыдай қалқиып,
Жаналғыштай жалақтап,
Саған қарай оқ атпақ.
Мына өмірде тартысқан
Әр жағыңнан, әр тұстан
Сен де өзіңе қарап бақ:
Жақынсың ба, жатсың ба,
Хайуансың ба, затсың ба?
Жөні келсе, анықтап,
Өзді-өзіңді танып бақ.
Ес жиятын кез келді,
Биігіңе соз қолды.
Кәріге де, жасқа да
болатұғын баспана,
Маңайы гүл, балбұлақ –
Жер бетіне сал жұмақ!
Жарлы менен кембағал,
Жарық дүние, кең ғалам
аманатын жеткізген
бал арасы – мен болам!





Пікір жазу