10.09.2022
  287


Автор: Исраил Сапарбай

ӨРТОЛҒАУ

Өмiр тозып бара жатыр,
Арман озып бара жатыр.
Болашақты қолға алып, Тұран,
Болмау үшiн Заманақыр!
Кiмге керек жұмыр басың,
Жұртың үшiн туылғасын?!
Тұран ұлы қалғымасын,
Тұран туы жығылмасын!
Алдыңда әлi ұлы күндер!
Қайда ұраның «Түрiгiм» дер?
Бөлiнгендi бөрi жейдi,
Бiрiгiңдер!
Бiрiгiңдер!!
Қайта оралсын ұлы күндер,
Ғұнның, Алла, ғұмырын бер
Тiлден қалған аруақтар,
Тiрiлiңдер!
Тiрiлiңдер!
Кiмдер сенi құрықтады,
Ер Едiлдiң ұрықтары?!
Қайта ту да қайсар Ұлан,
Қайда тула Түрiк қаны!
Түрiк қаны тулағанда,
Түн қалмайды бұл ғаламда!
Күннiң көзi күлiм қағып,
Нұр шашады күллi адамға!
Түрiк қаны қайнағанда –
Түн қалмайды айналада!
Күллi дүние дүр сiлкiнер,
Күннiң көзi жайнағанда!
Жыртылғанда ел жағасы,
Қайда қалмас пенде басы...
Есiнеме,
Есiңдi жи,
Ей, Тұранның кең Даласы!!
Көрiнбесе ел данасы,
Көрiнгенге жем боласың.
Есiнеме,
Есiңдi жи,
Ей, Түрiктiң бел баласы!!
От пен судан жаратылған
Дана Тұран, бала Тұран,
Құтқарыңдар дүниенi
Қара түннiң қанатынан!
Шырқын бұзып қара бұлттың,
Шыңға шығар шам алып кiм?
Сесi қайда Көкбөрiнiң?!
Көшi қайда Далалықтың?!
Желбiреген Туың қайда?
Желкiлдеген ұлың қайда?
Тұман қайта сейiлмей ме,
Тұран қайта туылмай ма?!
Қайта оралсын ұлы күндер,
Ғұнның, Алла, ғұмырын бер!
Тiлден қалған аруақтар,
Тiрiлiңдер!
Тiрiлiңдер!
Алдыңда әлi ұлы күндер!
Қайда ұраның «Түрiгiм» дер?
Бөлiнгендi бөрi жейдi,
Бiрiгiңдер!
Бiрiгiңдер!!!





Пікір жазу