10.09.2022
  217


Автор: Исраил Сапарбай

ЕРТОЛҒАУ

Е…е…ей!
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Жатырдан жарып ұрпағы,
Батырдан басқа тумаған –
Тұран-ай!
Төбеде қалқып қыраны,
Төскейде балқып бұлағы,
Түркiстан атты шаһары
Түркiнiң болған тұрағы –
Тұран-ай!
Есiлдiң бойын жайлаған,
Еңiске малын айдаған.
Ендете көшiп өткенде,
Едiлдiң суын лайлаған,
Қайран-ай,
Қайда екен сол заман?..
Азуын Айға бiлеген,
Найзасын көкке тiреген.
Түн қатып, түзде түнеген,
Қолымен жұлдыз күреген –
Ерлер-ай!
Еңсесiн ерге шiреген,
Табанын жерге тiреген.
Тәрк етiп тағдыр-таланын,
Тәңiрден медет тiлеген –
Ерлер-ай!
Селебе, семсер, сайлаған,
Ұлдары серттен таймаған.
Көздерi шоқтай жайнаған –
Қыздары қылыш қайраған
Қайран-ай,
Қайда екен сол заман?..
Тақымын термен сулаған,
Жүрегi аттай тулаған.
Көбесiн жаудың сөгiлтiп,
Жебесi оқтай зулаған –
Тұран-ай!
Күмбезi көкке шаншылған,
Тұлпары терге малшынған.
Думаны кетпей басынан,
Дұшпаны жерге жаншылған –
Тұран-ай!
Даланың даңқын асырған,
Даңғойдың әптiн қашырған.
Тамырда қаны тасынған,
Өрттейiн өршiп басылған –
Қайран-ай,
Қайда екен сол бабам?..
Ұрпаққа үлгiм дарымай,
Жақсыға жұртым жарымай,
Барымнан жоғым көбейiп,
Тарылған пейiлi, Тәңiр-ай,
Дариға-ай!
Арымай қайтем, налымай,
Шашылып кетсем тарыдай?
Арқамнан қағып оятар
Аруағың қайда, Абылай?!
Дариға-ай!
Күлкiмдi қашан тиярмын?
Ұйқымды қашан қиярмын?
Көшiмдi қашан түзермiн?
Есiмдi қашан жиярмын?
Халқым-ай,
Қайда сол қалпың-ай?
Тамшы су тамбай таңдайға,
Бұйырмай бақыт маңдайға,
Қарай да қарай шалғайға
Қайран да көзiм талмай ма?
Тағдыр-ай?
Оянып қаным өнбойда,
Ожданым атқа қонбай ма?!
Ойраным шықпай тұрғанда
Ойланар кезiм болмай ма,
Тәңiр-ай?!
Адасып қалған Айдаймын,
Iшiмнен бұрқ-сарқ қайнаймын.
Бағымды неге байлаймын?
Бабамнан қалған қайда айбын?
Халқым-ай,
Қайда ерлiк салтың-ай?
Тiрлiгiм тылсым, тыл майда,
Тiлiмдi алар ұл қайда?
Жабағы бұлт жапса өңiн,
Жанарын жұлдыз жұмбай ма?!
Асылдан туып жас ұлан,
Басынан бұлақ тұнбай ма?!
Ақ шашақ, алтын айдарым –
Абылайдан қалған Ту қайда?!
Азат ел – асқақ айбыным,
Бабамнан қалған байлығым.
Алтыннан алқа тағынып,
Алдыңнан тусын Ай, Күнiң!
Жұртында мынау Ғаламның
Жұлдызы жанып Даламның,
Береке дарып баршаға,
Бергей де жолын Бабамның!!!





Пікір жазу